Қарағандыдағы еңбек адамдарының 85 пайызы – жұмысшылар
Елдік еңбекпен келеді. Өз кәсібін ынтамен атқаратын әр жұмысшының маңдай тері теңізге тамған тамшыдай ғана болса да, экономиканың еселенуіне үлесі зор. Сол үшін де әр маман мемлекет үшін құнды. Көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ, кеншінің, инженердің, электриктің, бұрғылаушының, дәнекерлеушінің, құрылысшы секілді нағыз еңбек озаттарының ортақ мақсаты біреу ғана – ол адал қызмет пен адал табыс.

Қарағанды – Қазақстанның өндірістік жүрегі. Өлкеде мыңға жуық зауыттар мен фабрикалар табысты жұмыс істеп тұр. Сол себепті, мұнда 130 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал, осы еңбек адамдарының 85 пайыз үлесін жұмысшылар құрайды. Дәл қазіргі уақытта Қарағанды қаласының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Әлеуметтік нысандардан бөлек, тұрғын үйлер бой көтеріп, шаһар керегесі кеңейіп келеді. Осы бір ғажап үдерістің артында құрылысшы қауымының үлкен еңбегі жатыр. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Асхат Ниқанбаевтың құрылыс бригадасы.
«Біздің бригада үшін ең басты ұстаным, әуелі ел сенімі мен са палы құрылыс. Үйдің құйылған әр іргетасы мен қаланған әр кірпіші арқылы біз де елге елеулі үлес қосып жатырмыз деп түйсінеміз. Сол себепті, жұмысымызды аса жауапкершілікпен әрі адалдықпен атқару – команданың ортақ ұстанымы. Біз өз қолымызбен елдің келешегін тұрғызып жатырмыз. Бұл – әрі үлкен абырой, әрі борыш. Маңдай термен келген табыс – адал табыс.
Меніңше, елін сүйген адам ең алдымен, өз ісіне адал болуы тиіс. Біз үшін сапалы тапсырылған нысан – еңбегіміздің жемісі, елге деген сүйіспеншілігіміздің көрінісі», – дейді Асхат Ниқанбаев.«Қазақмыс» корпорациясы» «Нұрқазған» жерасты кенішінің білікті маманы, білгір электригі Әлібек Бимендин де «Адал еңбекпенен отбасымды асырау арқылы Отан дамуына үлес қосқаным үшін қуаныштымын», – дейді.
«Қауіпті мамандық иесі болғандықтан, бізге қателесуге болмайды. Ел ішінде «Электрик бір-ақ рет қателеседі» деген сөз бар. Электрик үнемі жоғарғы, төменгі кернеулі қуатпен жұмыс істейтіндіктен, міндетті түрде техника қауіпсіздігіне жете көңіл бөлуі керек. Электр тоғының иісі, шуы жоқ, қауіптің қай жағыңнан келетінін бағамдау өте қиын. Сол себепті жұмыс үстінде сақ болу керек. Оның үстіне жер астындағы жұмыстың да өз қиындығы бар. Үлкен электрлі двигательдер, сорғы қондырғылары, өндірістегі алып техникалармен жұмыс істеу кезінде тәуекелге бас тігу қажет. Сонымен қатар, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз атқару жолындағы жауапкершіліктің жүгі де ауыр.
Осылайша азамат басымызды қауіп пен қатерге тіге отырып, кеніштің түбіндегі еңбек майданына біз білек сыбана кіріспесек, өндірісімізді кім өркендетеді? Кенішіміз – өндірісті өлкеміздің жүрегі, әр еңбек иесі оның тірегі», – дейді кеніш электригі. Өңірдегі іргелі кәсіпорын Қарағанды металл конструкциялары зауыты жүйелі жұмыс істеп тұр. Алпауыт зауытта жонылған түрлі металл бұйымы тек өңірдің ғана емес, ел өндірісінің кәдесіне жарап тұр. Экспортталған әр металл бұйымында майталман маман, білікті бұрғылаушы Еркебұлан Төкеновтің де өзіндік қолтаңбасы бар. Өз ісінің шебері Еркебұлан Төкенов еңбек төрге шығарады дейді. «Бұрғылау цехында тапсырыс берушінің сұрауы бойынша металл бұйымы өлшеп, пішіледі.
Қажет пішін не артық, не кем кесілмеуі керек. Дәлдікті қажет етеді. Егер есебіңіз қате шықса, бірнеше цехтағы еңбек зая кетеді, металл іске алғысыз болады. Қазірде қашауыш, тісті қашауыш білдектермен, басқа да құрылғылармен жұмыс істеп, зауыт өндірісін өркендетуге өз үлесімді қосып келемін,» – дейді ол.
Расымен, адал еңбек – қоғамның қозғаушы күші. Елдің өндірісін өрге сүйреп, мемлекеттің мерейін асқақтатып жүрген қарапайым еңбек адамдары – бүгінгі күннің шынайы қаһармандары. Кен орнында, зауытта, құрылыс басында немесе электр желісінің бойында тер төгіп жүрген әрбір маман – ел экономикасының тірегі. Олардың маңдай терімен келген адал табыс – ұлт ырысының кепілі.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



