Кеншілер Мәдениет сарайында өткен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен қала әкімі Мейрам Кожуховтың тұрғындармен кездесуі көлемді әрі мазмұнды қоғамдық диалогының біріне айналды. Алты сағатқа созылған кездесу мен одан кейінгі жеке қабылдауларда қаланың қазіргі тынысы, болашақ бағдары жан-жақты талқыланды. Шынында, бұл халықтың мәселелерін еркін жеткізетін, диалогқа құрылған ашық алаң болды. Әкімнің айтуынша, биыл ол облыстың барлық аудан-қалаларын аралап, 13 ірі кездесу өткізген. Бұл кездесулерге 3,5 мыңнан астам адам қатысып, жүздеген ұсыныс, шағым, бастама айтылған. Сонымен қатар, аймақ басшысы жыл ішінде 200-ге жуық тұрғынды жеке қабылдап, 400-ден астам мәселені қараған. Сол мәселелердің бір бөлігі осы кең ауқымды кездесуде қайта көтерілді.

Дамудың даңғыл жолы
Қарағанды соңғы жылдары өзгеріп келеді. Қаланың экологиялық жағдайы, жолдары, инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандары біртіндеп жаңарып, тұрғындардың өмір сапасы жақсара түсуде. Бұл өзгерістер кездейсоқ емес – жүйелі жоспар мен нақты жұмыстардың нәтижесі.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен қала әкімі Мейрам Кожухов Қарағандының жұмысына үнемі бақылау жасап, әр бағыттағы жобаларды тікелей үйлестіріп келеді.
– Қарағанды күн сайын тазарып келеді. Бұл – әкімдіктің ғана жұмысы емес, бүкіл қала тұрғындарының ортақ жауапкершілігі. Биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясында 200 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды. 202 стихиялық қоқыс орны жойылды, 12 мың ағаш отырғызылды. Көктем-жаз мезгілінде 5 миллион гүл егілді, – дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қаланың орталығындағы Үлкен, Екінші, Үшінші көлдер – қарағандылықтар үшін жанға жайлы демалыс әрі қаланың табиғи тепе-теңдігін сақтайтын маңызды экожүйе. Сол себепті, бұл аумақта атқарылған жұмыстар биыл ерекше назарда болған.
– Биыл көлдерге кешенді тазарту жұмыстары жүргізілді. Су теңгерімін сақтау үшін 10 ұңғыма бұрғыланып, жерасты суымен қоректендіру жолға қойылды. Сонымен қатар, соңғы екі жылдың өзінде көлдерге 120 мың балық жіберілсе, оның 70 мыңы биылдың есебінде. Бұл – экожүйені қалпына келтіру үшін өте маңызды қадам. Көлдердің тіреуіш қабырғалары толық жөнделіп, жағалаулар бекітілді, – деді қала басшысы Мейрам Кожухов.
Бұл жұмыстардың барлығы қаланың орталық саябағын толық қайта жаңғыртуға дайындық болып саналады. Қала тұрғындары серуендейтін аймақтар кеңейіп, табиғи көлдер қауіпсіз әрі тартымды күйге келеді.
Экология тек жасыл желекпен шектелмейді. Табиғи апаттарды болдырмау, нөсер суларын дұрыс бұру қаланың инженерлік қауіпсіздігі екенін атап айту керек.
«Нөсерлік кәріз жүйесін тазарту мен қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Биылдың өзінде 5 шақырым нөсерлік жүйе тазартылды. 2022-2025 жылдары 25 шақырым жүйе тазартылып, 10 шақырым арық қалпына келтірілді. Бұл су басу қаупін азайтып, көшелердің қауіпсіздігін арттырады», – дейді аймақ басшысы.

Аталған жұмыстар жол инфрақұрылымымен тығыз байланысты. Қала аумағы кеңейген сайын жаңа жолдарға сұраныс артып келеді. Жол – қаланың қозғалыс жүйесі. Қай салада да даму болу үшін жолдың сапасы негізгі фактор. Қала әкімі Мейрам Кожухов 2025 жылы 113 шақырым жол жөнделгенін де айрықша атап өтті.
– Пичугин, Четская, Ғарышкерлер көшелеріндегі ірі учаскелер толық аяқталды. Қарқынды құрылыс жүріп жатқан аудандарда Е.Бөкетов көшесі, К.Дүйсембеков пен Б.Момышұлы көшелері бойындағы аулалар арасындағы жолдар, сондай-ақ, С.Мұқанов көшесінің Тәттімбет көшесіне дейінгі жалғасы салынуда. Сонымен қатар, Сарыарқа және Университет көшелері бойындағы жаңа автожол Гапеев көшесіне тікелей шығатын болады, – деді ол.
Жолдардың жалпы 85 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Бұл – ірі қала үшін жақсы көрсеткіш. Жыл сайын орташа жөндеу көлемі де артып келеді. Атап айтсақ, бір мезетте 50 көшені қамтитын 80 шақырымнан астам жол жаңартылған.
Қауіпсіздікке ерекше назар аударылуда. Нақтырақ айтсақ, Республика-Дүйсембеков көшелері мен Гоголь-Ғарышкерлер көшелері қиылысында 2 оң жақ бұрылыс жолы салынған.

Бұдан бөлек, 90 мың шаршы метр жол жамылғысы жамалып, 700 жаңа жол белгісі қойылған. 140 мың шаршы метр жол таңбасы сызылып, 24 жаңа бағдаршам қойылыпты. Алдағы уақытта жалпы саны 234-ке дейін артпақ. Бұдан бөлек, 40 резервтік қуат көзі орнатылуда.
Дереке сүйенсек, қоғамдық көліктегі төлемдердің 95 пайызы қолма-қолсыз форматқа көшіп, 70 автобус жаңарып, жаңа бағыттар ашылған. Кешкі рейстер ұзартылып, №012 және №66 бағыттарын қайта іске қосылыпты.
Сонымен бірге, қалада мамандандырылған автодромның құрылысы аяқталып, жүргізуші даярлау сапасы да арта түсті.
Ал, коммуналдық жүйе – көрінбейтін, бірақ, қала өмірінің негізін ұстап тұрған сала.
«21 су жобасы жүзеге асуда, 65 шақырымнан астам желі тартылды, ондаған көше орталық су жүйесіне қосылды. Биыл Қарағанды ауыз сумен 100% қамтамасыз етіледі. №22 су құбырының арқасында 200 мың адам сапалы суға қол жеткізді. Жылу және кәріз желілері де жаңартылып жатыр», – деп мәлімдеді қала басшысы.
Сондай-ақ, 400 шақырымнан астам газ желісі тартылып, 3 800-ден астам үй газға қосылған. Бұл – жеке сектор, үлкен аудандар және жаңа тұрғын алаптар үшін өте маңызды қадам.
Жиында бүгінгі күннің маңызды мәселесі тұрғын үй құрылысы да жиында назардан тыс қалмады.
– Қарағандыда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Биыл 400 мың шаршы метрден астам үй пайдалануға беріліп, 200 отбасы жалдамалы баспана алды. Кезектегі 108 азамат – көпбалалы аналар, жетім балалар, әлеуметтік осал топтар пәтерлі болды. «Қарағанды жастары» бағдарламасымен 40 жас маман баспанаға қол жеткізді,– деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар, кездесуде 2025 жылдың инвестициялар бойынша да табысты болғаны айтылды.
«4,4 млрд теңге тұратын «Norma» көпфункционалды кешені іске қосылды, 220 жұмыс орны құрылды. «Garden Hall» мейрамханасы, «Аманат» спорт-сауықтыру орталығы, «TPA SARY ARKA» қаптама өндірісі іске қосылды. 50 млрд теңгелік 57 жоба шеңберінде 500 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы инвестиция көлемі – 335 млрд теңге», – деді қала әкімі.
Бұдан бөлек, екі жаңа мектеп ашылған. Әлеуметтік көмек – 118 мың адамды қамтыса, 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеген. Заманауи футбол аренасы ашылып, «Шахтёр» футбол академиясының құрылысына дайындық басталды.
2025 жылы Қарағандының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілген. Бұл – қаланың даму бағытын айқындайтын құжат.
Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстыратын жаңа магистраль – қаланың болашақ қозғалыс картасын түбегейлі өзгерте алатын жоба. Әкім бұл құрылыстың келесі жылы да қарқынмен жалғасатынын атап өтті.
Кәріз жүйесі мәселесі де назардан тыс қалмады. Қаланың ең тозған бөлігінің бірі – кәріз желілері. Әкімнің сөзінше, екі негізгі кәріз коллекторы кезең-кезеңімен модернизацияланады. Үлкен Михайловка мен Фёдоровкада кәріз тарту жобасы дайындалып жатыр. Бұл жұмыстар қаланың ұзақмерзімді дамуы үшін аса маңызды.
Бұдан бөлек, 400 шақырымға жуық газ желісі тартылып, 8,5-9 мың үй көгілдір отынға қосылған. Бұл – өңір тарихындағы ең ірі газдандыру толқыны. Тұрғындар жылдар бойы күткен газ «Күнгей», «Таугүл», жеке сектор көшелеріне де жақындап қалды.
140 гектарлық кең аумақта үлкен демалыс аймағын салу – Қарағандыны дамыту стратегиясындағы жаңа бағыт. Бұл саябақ әрі спорттық-әлеуметтік орталыққа айналмақ. Дзюдо орталығы, бассейн, спорттық кластер, жаңа бизнес құрылымдары – барлығы болашақта осы аймаққа шоғырлануы мүмкін.
«Майқұдықтан жаяу шығып, заманға сай жаңарған кеншілер шаһарының көркіне тамсанып, Оңтүстік-Шығысқа жаяулап серуендейтін күнді асыға күтіп жүрміз», – дейді жергілікті тұрғындар.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»
Кездесуде Орталық саябақтағы «Мир Фантазий» тұрған аумаққа қатысты тұрғындар сұрағы жиында ең өзекті мәселенің бірі болды. Әкім мәселенің күрделілігін жасырмады. Айтуынша, әзірге құрылыс тоқтатылған күйде. Жер жеке меншікке өтіп кеткен, сондықтан, кез келген шешім инвестормен келісім арқылы ғана іске асады.
Жиналған жергілікті тұрғындар бұл жердің қарағандылықтар үшін тарихи орын екенін және мұнда биік үйлердің емес, мәдени кеңістіктің болғанын қалайтынын айтты. Қала әкімдігі бұған дейін заманауи өнер музейі немесе инновациялық кітапхана салу идеясын ұсынған. Алайда инвестор тарапынан әзірге нақты шешім жоқ.
Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар көтерген ең өзекті мәселе – инватакси қызметінің уақытын шектеу жоспары. Қазір бұл қызмет шектеусіз қолданылса, жаңа нормалар айына 6 сағатқа дейін қысқаруы мүмкін.
«Қазақстан соқырлар қоғамының» өкілі Снежанна Воронова:
«Біздің арамызда арбамен қозғалатындар бар, мүлде көрмейтіндер бар. Алты сағат бізді қоғамнан ажыратады. Жұмысқа, емханаға, спортқа, үйірмелерге қалай барамыз?», – деп алаңдаушылығын жеткізді.
Әкім бұл мәселенің келесі жылы шешімін табатынын, қаржы алдын ала қарастырылғанын атап айтты.
Сонымен қатар, Бағдат Өкімбай есімді тұрғын арнайы реабилитациялық тренажерлар шығаратын өндіріс ашу үшін 30 млн теңге қажет екенін айтты. Жоба мыңдаған адамға көмектесуі мүмкін.
«Мен өзім де мүмкіндігі шектеулі адаммын. Өзіміздің қазақстандық өнімді шығаруға толық мүмкіндігіміз бар», – дейді ол. Аймақ басшысы бұл бастаманы қолдауға уәде берді.
Сонымен бірге, электр жарығы мәселесі де кездесу де бірнеше рет көтерілді. Күнгей ықшамауданында бес үй бірнеше күн жарықсыз қалған. Тұрғындардың айтуынша, «E-otinish» арқылы жолдаған хаттарына да жауап болмапты.
Қала әкімі Мейрам Кожухов бұл мәселені жеке бақылауға алатынын мәлімдеді.
Жергілікті өзін-өзі басқару мүшесі Константин Моценко автодромдағы көліктердің жиі бұзылатынын, бір күнге тоқтап қалса, курсанттардың қайтадан ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр екенін айтып, көмек сұрады.
Бұл мәселеге «Азаматтарға арналған үкімет» өкілі Жансаят Күлжанбеков жауап берді.
«Кейде жол-көлік оқиғалары салдарынан кезек уақытша тоқтайды. Көліктер аптасына бір рет жөнделеді. Көлік жөнделіп жатқанда кезек болады рас. Алдағы уақытта жаңа көліктер алып, автодром паркін жаңартуды жоспарлап отырмыз», – деп түсіндірді.
Бұдан бөлек, жиында полигоннан зардап шеккен зейнеткерге ем алу үшін бірнеше жыл кезек күту қажет екендігі де айтылды. Әкімдік өкілдері мұндай емге жылына республикадан тек 10 квота бөлінетінін түсіндірді.
Кездесу соңында Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке қабылдап, олардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңір басшылығы ашық диалогты әрі қарай жалғастыра беретінін айтты.
Қарағанды – қарқынды өзгеріс үстіндегі қала. Инфрақұрылым жаңартылып, жаңа жолдар салынуда, газдандыру қарқынды жүріп жатыр, қоғамдық кеңістіктер кеңейіп, әлеуметтік мәселелер күн тәртібінен түспей келеді. Ал, тұрғындардың белсенділігі мен ашықтығы – осы өзгерістердің шынайы кепілі.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



