АймақҚарағанды

Қарағандыдағы қалдық қабылдау пункттері қалай жұмыс істейді?

Көшедегі қоқыс контейнерінің жанындағы пластик бөтелкелерді жинайтын торлы жәшіктің тұрғанына көзіміз үйренгелі қашан?! Жалпы, жиналған қалдықтардан қандай өнім жасалатыны көпшілікке беймәлім. Осы мақсатта Қарағандыда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, оларды қайта өңдейтін зауыттың жұмыс істеп тұрғанын бірі білсе, бірі біле бермейді екен. Бүгінде сол зауыттың, яғни, «Вторсырье Караганда» ЖШС-ның жұмыс істеп келе жатқанына да 10 жылдан асты.

Суреттерді түсірген автор

Шағын зауыт үлкен мүмкіндіктер алаңы

Аталған зауыттың аумағы – 3 мың шаршы метр. Мұнда бес өндірістік нысан орналасқан. Зауыттың жұмыс ауқымы өте кең. Картон мен макулатура, пластик бөтелкелер мен түрлі пластик бұйымдар, алюминий банкалар сынды қайта өңделетін материалдардың барлық түрі қабылданып, сұрыпталады екен. Осындай ірі мекемеде қазіргі уақытта 100-ге жуық адам жұмыс істейді.

Бүгінде облыстағы әр қала мен ауданда екі-екіден қабылдау пункті жұмыс жасап тұр. Осы пункттер арқылы күніне 1500 тоннаға дейін картон, 200 тоннадан астам пластик және өзге де тұрмыстық қалдық түрлері жиналады. 50 тоннаға жуық алюминий банкалар да бар. Жиналған барлық қалдықтар кейін «Вторсырье Караганда» зауытына жеткізіліп, осы жерде толыққанды қайта өңдеу процесінен өтеді.

– Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы қуатты. Қазірдің өзінде 1,5 тонна жүк көтеретін 15 «Газель» көлігі, 2 кран-манипуляторы және 5 тонналық қоқыс тасымалдаушы арнайы техника бар. Бұдан бөлек, зауыт қосымша жүк көліктерін жалға алып отыр. Негізінен, қалдықтарды тиеп, Алматыға жөнелту осы жалдамалы көліктер арқылы жүзеге асырылады, – деді «Вторсырье Караганда» ЖШС басшысы Айдын Қабдиев.

ECO Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхаммеджанов – осы жобаның негізін қалаушылардың бірі. Яғни, қалдықтарды қайта өңдеп, әрі сұрыптау мақсатында «Экохаб», «Жасыл кеңсе», «Жасыл мектеп» бағыты бойынша жоспарын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынған болатын. Сол уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экомәдениетті дәріптеудің тиімді тетігі ретінде жаппай таратуға лайық тәжірибе екенін атап өтіп, қолдау білдірген. Бүгінде бұл жоба өңірімізде кеңінен қанат жаюда.

– Бұған дейін қоқыс қалдықтарын сұрыптамай, лақтырып жіберетінбіз. Шыны керек, қоқыс көрсек, мұрнымыз­ды тыжыртатынбыз. Қазір олай емес. Сол қалдықтарды кәдеге жаратып, қайта өңдеп жатырмыз. Керісінше, қазір «Бізде осындай зауыт бар» деп мақтанатын деңгейге жеттік. Сөздің шыны керек, бұл жобаға Ресей елі де үлкен қызығушылық танытып отыр. Зауытты бірден тұрғызбадық. Бұл жерде қаншама адамның жылдаған еңбегі жатыр. Демеуші іздеп, жоба ұсындық. Мұның өзі үлкен жұмыс. Сондай еңбек адамдарына барынша көмектесіп, қолдау білдіруіміз қажет.
Бүгінде жастардан қоқысты шашса да, оны іріктеп қоюды сұраймыз. Әрі оны осы зауытқа алып кел демейміз. Қаланың әр басында қабылдау пункттерін қойдық. Сонда жинап-теріп алып келсе болғаны. Тазалық – өзімізден басталады, – деді Евгений Мұхаммеджанов.

Процестерді бақылау – диспетчердің қызметі

Сөз басында бес бірдей өндірістік нысанның барын айттық қой. Соның біреуі – қабылдау пункті. Мұнда кез келген кәсіпорын немесе жеке тұлға жинаған қалдықтарын өздері алып келіп өткізеді. Әуелі, осындағы маман тұрғындардың әкелінген шикізатын сұрыптап, таразыға қояды. Кейін бекітілген кестеге сәйкес келісіне, тоннасына қарай қолма-қол ақшасын санап береді.

Бота Ақжүнісованың осы зауытта жұмыс істеп келе жатқанына үш жылдан асыпты. Өзі мұнда – диспетчер. Түскен қоңырауларға жауап беріп, тапсырыс қабылдайды. Қоңыраулар арқылы базадағы көліктерді тиісті жерге жөнелтіп отырады. Оның сөзіне сүйенсек, бір жүк көлігі күніне төрт рейс жасауы керек көрінеді.

– Жұмыс күні бізден, яғни, диспетчердің қызметінен басталады. Мысалы, бүгінгі рейске 10 көлік шықса, сол көліктің бағыты бойынша өтінім қағазын толтырамын. Бір жерден сатып алсақ, енді бір жерден алып кетеміз. Солардың бәрін орындау – менің құзыретімдегі жұмыс. Мәселен, мына газель қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіне бет алды делік. Әуелі диспетчерден талон алып, көрсетілген бағыт бойынша барады. Әр көлікке gps құрылғысы орнатылған. Яғни, біз көліктің қай нүктеге барғанын, ол жерде қанша уақыт тұрып, қанша келі жүк тиегеніне дейін сол құрылғы арқылы бақылап отырамыз, – деді Бота Төлегенқызы.

Жалпы, зауыт жекеменшік және түрлі мемлекеттік мекемелермен келісімге отырған. Солардың кейбіріне ақшаны шот арқылы аударады екен. Шот арқылы аударған мекемелерден көлік жүргізушілері қалдықтарды тек тиеп алып кетеді. Ақшасы кейін аударылады.

– Кейбір мекемелерге ақшаны қолма-қол санап береді. Көлік борты толма­йынша жүргізушілер базаға келмейді. Мысалы, бір нүктеден жарты газель қалдық тиелуі мүмкін. Сондықтан, шопыр бізге ескертеді. Ал, біз екінші нүктеге бағыттаймыз. Сол нүктеден көлікті толтырып барып қана базаға әкеліп түсіреді. Базаға келген көліктерді күтіп алып, қалдықтың салмағын өлшеп қағазға түсіреміз. Осы процес күнделікті қайталана береді. Ал, базаға түскен қалдықтарды ішіндегі жұмыскерлер қаттап-шоттап, Алматыға жібереді. Алматыға күніне Қарағандыдан төрт жүк көлігі жолға шығады. Әр көлікке 20 тонна жүк тиеледі, – деді Бота Ақжүнісова.

Надежда Смернова Қарағандыдағы Әлихан көшесінің бойында орналасқан қабылдау пунктінде жеті жылдан бері еңбек етуде. Бұл жерде ол жалғыз қызмет атқарады екен. Демалыс алатын күндері ауысымға басқа қызметкер келіп, уақытша алмастыратын көрінеді.

– Ай сайын тоннаға жуық қалдық жинаймын. Көбінесе алюминий банкалар мен пластик бөтелкелер әкеледі. Күнделікті жиналған қалдықтарды газельге тиеп, зауытқа жеткіземіз. Қаланың орталығында орналасқандықтан қалдықтарын тапсыруға келетіндердің қарасы қалың. Әр адам кем дегенде екі келіден көп қалдық әкеледі. Тапсырушылар қалдықтарын әкелген кезде мен оларды сұрыптап, таразыға саламын. Әрі әр түрін бөлек жинаймын. Дегенмен, бізде тұрақты клиенттеріміз бар. Олар заттарын өздері алдын ала сұрыптап әкеледі, – дейді Надежда Анатольевна.

Бүгінде бұл зауыттан брусчатка, дөңгелек үстелдердің беті, кәріз құдықтарының қақпақтары мен саябаққа арналған орындықтар және басқа да түрлі бұ­йымдар шығарылуда. Өндіріс орнында мамандар жеткілікті. Жұмысын ұқыпты әрі жүйелі атқаруда. Ал, өнімдерге деген сұраныс күн өткен сайын артып келеді.

Қалдықтарды кәдеге жаратып, оларды ел игілігіне қайта ұсыну – кәсіпорын қызметінің басты бағыты. Экономикалық тиімділік пен табиғатты қорғау мәселесін ұштастыра білген ұжымның еңбегі бүгінде өңірдің дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Алдағы уақытта зауыт басшылығы өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмыс күшін арттыруды көздеп отыр.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button