Қарағандыдағы қабырғалы қоғам
Егемен елмен етене ірге қалаған облыстық «Полония» поляк қоғамына биыл – 26 жыл. Теміртауда филиалы жұмыс жасап, орталығы «Достық үйінде» тұғыр тапқан қоғамның тыныс-тіршілігі, бағыт-бағдары қандай? Алға қойған мақсаты мен арқалаған жүгі не? Айтайық…
Тарихқа жүгінсек, Алаш жұртымен әлденеше рет жолы түйіскен, жол түйістіріп қана қоймай, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мекен еткен қонысын, әдебиеті мен мәдениетін, фольклоры мен ән-күйін хаттап кеткен осы поляк азаматтары екеніне көзіміз жетеді. Қазіргі күні 130 ұлт қоныс еткен Қазақстанға ең алғаш болып келген де поляктар екен. Саяси қуғын-сүргін жылдарынан бірнеше ғасыр бұрын Бенедикт есімді монах Рим папасы Иннокентий IV-шінің бұйрығымен Азия даласына ат басын бұрады. Бұл оқиға әйгілі Алтын Орданың негізін қалаған Бату ханның тұсында болса керек. Кейін, 1834 жылы патша өкіметіне қарсы бүлік бастаған поляк ақыны Густав Зелинскидің де табаны қазақ топырағына тиіпті. Еркіндікті ең бірінші орынға қоятын қазақ халқының кеңдігіне, қонақжайлылығына, салт-дәстүріне тәнті болған ақын атақты «Қырғыз» (Қазақ) поэмасын жазды. Аталған туынды ақын Отанынан қайтып оралғаннан кейін 1942 жылы жарық көріп, 1857, 1910 жылдары екі мәрте орыс тіліне, 1851, 1855, 1858, 1888 жылдары төрт рет неміс тіліне, кейін, чех, француз, итальян және ағылшын тілдеріне аударылыпты. Сол сияқты, қазақтың әнін, аңызы мен наным-сенімін қағазға жазып қалдырған поляк ұлтының азаматтары қатарында Адольф Янушкевич пен Александр Затаевич есімдерін ерекше атап өтуге тұрарлық.
Бұдан өзге де аттары аталмай кеткен азаматтар қаншама?! «Полония» поляк қоғамының іргесін қалап, еңсесін тіктеген Франц Богуславский есімді. Кейін, қоғам тізгінін Александр Сваричевский ұстаған екен. 2010 жылдан бастап оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан поляктары одағы төрағасының орынбасары, Виталий Хмелевский төрағалық етіп келеді.
– Біздің Польша мен Қазақстан университеттерінің арасын байланыстыратын бірнеше жобаларымыз бар. Қос мемлекет арасында қол қойылған келісім де жоқ емес. Осымен екінші жыл қатарынан Қазақстанның 12 студенті Польша мемлекетінің есебінен Польшаның жоғары оқу орындарында бакалавр, магистратура және докторантура бойынша білім алуда. Елімізге Польшадан ұстаздар келіп, поляк тілін үйретеді. Сонымен қатар, Польша инвесторларын да елімізге тартуға тырысамыз. Қателеспесем, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға алғашқы болып ниет білдірген де осы мемлекет еді, – деді Виталий Хмелевский.
Бүгінгі таңда облысымызда 5 мыңға жуық поляк ұлтының азаматы бар. Сондықтан, бұл қоғамның қажеттілігінайтпаса да белгілі. Қоғам іргесінде «Небеские хабры» атты жастар ансамблі жұмыс жасауда. Бұл ұжымға да биыл 5 жыл толып отыр. Бұған дейін қоғамның табан тірер тұрағы болмай келіпті. Кейін, осы «Достық үйі» тұрғызылып, көп орындық концерт залы, дөңгелек үстелі бар ғимаратқа орнығады. Қоғам төрағасы Елбасы танытқан мұндай қамқорлыққа дән риза. Арманы – өнерлі жастардың өресін кеңейтіп жастар театрының салынуы.
Рауан ҚАБИДОЛДИН