Жаңалықтар

Қарағандыдағы 6505 әскери бөлімінде әлем чемпионы қызмет етуде

Қарағанды қаласында орналасқан 6505 әскери бөлімінде ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап жүрген, таеквондодан әлем чемпионы Тин Максим Сергеевич әскери борышын өтеп жатыр. 

Суреттер ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметінен

Тин Максим Сергеевич 2004 жылдың 29 ақпанында Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол 4 жасынан бастап таеквондомен айналысып, бала кезінен спортқа ерекше қызығушылық танытқан. Болашақ чемпионның спорттағы алғашқы қадамдарына оның туған ағасы Тин Станислав Сергеевич пен тәлімгері Фу Максим Дмитриевич үлкен әсер еткен. Ол кісілер Максим үшін әрдайым үлгі болып, үлкен мотивация берген.

Бүгінде Тин Максим Сергеевич — Қазақстан Республикасының спорт шебері. Ол халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел абыройын асқақтатып келеді. Атап айтқанда, 2016 жылы Алматы қаласында өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанса, 2018 жылы Ұлан‑Батор қаласында өткен Азия чемпионатында тағы да чемпион атанды.

2019 жылы Пловдив қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер болса, 2021 жылы Минск қаласында өткен әлем чемпионатында алтын және қола медаль жеңіп алды.

Сонымен қатар, 2023 жылы Сеул қаласында өткен Әлем кубогының чемпионы атанса, 2025 жылы Шымкент қаласында өткен Азия кубогында жеңімпаз болды. Бұдан бөлек, 2018–2021 жылдары Минск қаласында өткен Әлем кубоктарында бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды.

Қазіргі таңда Тин Максим Сергеевич әскери қызмет пен спортты қатар алып жүріп, өзінің табандылығы мен еңбекқорлығы арқылы жас сарбаздарға үлгі көрсетуде. Оның жетістіктері әскери бөлімнің абыройын арттырып қана қоймай, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

6505 әскери бөлімінің ұжымы әлем чемпионының қатарларында қызмет етуін үлкен мақтаныш санайды. Мұндай спортшылардың әскери қызметте болуы — жастарға патриоттық рух пен жеңіске деген жігер сыйлайтын маңызды үлгі.

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button