Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандыда футбол академиясының құрылысы басталды

Жоба аясында UEFA талаптарына сай төртінші санаттағы стадион және балалар мен жасөспірімдердің кәсіби спортын дамытуға арналған бірнеше нысан салынбақ. Бұл бастаманың алғашқы кезеңі – Футбол академиясының құрылысы. Академияның құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған. Спорт кластері Майқұдықтағы негізгі магистральдан бастап, Көгілдір тоғандардағы үшінші су айдынына дейінгі аумақты қамтиды. 

– Академия болашақ кәсіби спортшылардың өсіп-жетілуіне және бұқаралық спортты өркендетуге негіз болатын орталыққа айналуы тиіс. Бұл – өңір үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Оның табысты жүзеге асуына барлық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ болашақта қажеттілік туындаса, нысанды кеңейту мүмкіндігін де қарастыру қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Академия шамамен 10 гектар аумақты қамтиды. Мұнда 3,5 мың көрерменге арналған трибуналары бар стадион, жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін жабық манеж, толық өлшемді жаттығу алаңы және әкімшілік-тұрмыстық кешен салу көзделген. Спортшылар мен жаттықтырушылардың барынша жайлы жағдайы үшін медициналық кабинеттер, асхана, жуынатын бөлмелер, сауна, бассейн және жатақхана қарастырылған. Кешен манежбен жылы өткел арқылы байланысады. Сондай-ақ аумақта воркаут аймағы, жаттығу құрылғылары, демалыс саябағы мен кең автотұрақтар болады.

Жобаны Freedom Holding Corp. компаниясы қаржыландыруда.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында жердің құнарлы қабаты алынып, әкімшілік ғимараттың іргетасын дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

– Қазір әкімшілік-тұрмыстық кешеннің негізіне арналған бетон дайындығы жасалуда. Бұған дейін қабаттап жоспарлау жұмыстары сараптамалық зертхана бақылауымен жүргізілді. Наурыз айына дейін ғимаратты тұрғызуды және ауа райына байланысты жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – деді жоба жетекшісі Тахир Ходжамбердиев.

Қала әкімдігі тарапынан нысанға инженерлік коммуникациялар – электр желісі, жылу, су және кәріз жүйесін тарту бойынша толық қолдау көрсетілуде. 

Болашақта бұл аумақ Қарағандының жаңа спорт орталығына айналмақ. Мұнда ыңғайлы жол желісі салынып, көл маңындағы аумақ абаттандырылады. 

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button