АймақҚарағанды

Қарағандыда UEFA стандартына сай стадион бой көтереді

Қарағанды облысында заманауи спорт кластерінің құрылысы басталды. Жалпы аумағы 72 гектарды қамтитын бұл аймақта бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер және кәсіби спортты дамытуға арналған нысандар бой көтермек. Кешеннің басты нысаны — UEFA-ның 4-санатына сай келетін жаңа стадион болмақ. Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Спорт кластерін құру жобасын жүзеге асырудың алғашқы кезеңі – Футбол академиясының құрылысы. Жобаның серіктесі – Freedom Holding Corp компаниясының басшысы Тимур Турлов. Бұл мақсатқа 12 миллиард теңге бағытталды, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Бүгінде өңірде спорт нысандарымен қамтылу деңгейі 67,2 пайызды құрайды. Қазір сегіз дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Қарқаралы қаласында стадион, Саран қаласында спорт кешені және Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында бассейн салынуда.

Қарағанды облысында спорт, мәдениет және білім салаларын біріктіретін ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл бастама қосымша білім берудің бірыңғай мемлекеттік тапсырысы шеңберінде жүзеге асып жатыр. Бағдарлама аясында 14 мыңға жуық бала спортпен және шығармашылық үйірмелермен айналысу мүмкіндігіне ие болды.

Мемлекеттік тапсырыс есебінен биыл бес жаңа жекеменшік балабақша ашылып, 525 жаңа орын құрылды. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған балабақшаларда қосымша 522 орын пайдалануға берілді. Нәтижесінде 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 89,6 пайыздан асты.

– Жыл соңына дейін үш мектепке дейінгі ұйым ашылып, қолданыстағы балабақшаларда қосымша 951 орын құрылмақ. Сондай-ақ алты мектептің құрылысы аяқталды, оның бесеуі – «Келешек мектептері» жобасы аясында салынды. Тағы бес мектептің құрылысы қала және аудан деңгейінде жүріп жатыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Биыл өңірдегі 265 білім беру нысаны жөндеуден өтті, оның ішінде 33 нысанда (мектеп, балабақша, колледж және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығы) күрделі жөндеу жүргізілді. Ауылдық жерлердегі 35 мектепте ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын күшейту мақсатында 78 заманауи оқу кабинеті сатып алынды. Бұл жалпы қамтылу деңгейін 85 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Қарағанды облысында қолға алынған бұл жобалар – өңір халқының өмір сапасын жақсартуға, жастардың денсаулығын нығайтуға және заманауи білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған нақты істердің көрінісі.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button