Қарағандыда УЕФА стандартына сай келетін жаңа спорт кешені ашылды
Қарағанды облысында бұқаралық және балалар спортының дамуына тың серпін беретін жаңа нысан пайдалануға берілді. Жеке инвестиция есебінен салынған «Аманат» спорт-сауықтыру кешені заманауи талаптарға толықтай сай жабдықталған.

Жаңа кешенде футболмен жыл он екі ай айналысуға жағдай жасалған.
Инвестордың бұл бастамасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын үлгісі әрі Президент саясатын қолдаудың нақты қадамы ретінде бағалануда.
– Бүгін Қарағандыға және бүкіл облысымызға үлкен әрі аса қажет сый жасалды – жаңа «Аманат» спорт-сауықтыру кешені іске қосылды. Бұл қарапайым емес, ерекше нысан. Оның басты артықшылықтары – УЕФА стандарттарына сай келетін футзал алаңы мен жоғары сапалы жасанды жабындысы бар футбол манежі. Мұнда тек республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі турнирлер өткізіледі. Осы үшін «AMANAT СПОРТ КЕШЕНІ» ЖШС-не зор алғыс айтамын! – деді ашылу рәсімінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Мемлекет пен Президентіміз бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында клубтардағы легионерлер санын азайтумен қатар, футбол инфрақұрылымын дамытуға жеке инвестиция тартудың маңызын атап өтті. Біздің кәсіпкерлер осы бастамаларды іс жүзінде қолдап отырғанына қуаныштымыз. Әсіресе, футзал облысымызда ерекше танымал: онымен балалар да, ересектер де, түрлі жастағы және кәсіптегі адамдар айналысады.
Кешеннің құрылысына бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл – компанияның Қарағандыда ашып отырған үшінші спорт нысаны.
– Бұл кешенде «Қарағанды» футзал клубы тұрақты түрде жаттығады. Жаңа спорттық база футболмен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді, – деді Қарағанды облыстық әуесқой футбол лигасының вице-президенті Бақтияр Бекмұрзаев. – Мұнда қазірдің өзінде алғашқы ойындар басталды. Қазақстан Республикасы футзал чемпионаты аясында «Қарағанды» мен «Жетісу» командаларының кездесуі өтуде.
Жаңа алаңда Премьер-лига ресми матчтары, балалар мен жасөспірімдер турнирлері, әуесқой командалар арасындағы жарыстар және оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылатын болады.
Бұл спорт нысанының ашылуы кәсіби футзалдың дамуына, бұқаралық спорттың өркендеуіне және жаңа буын спортшыларын тәрбиелеуге тың серпін береді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА