Қарағандыда УЕФА стандарттарына сәйкес заманауи стадион салу жоспарлануда
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев футболды дамыту жөніндегі кеңесте «Шахтер» футбол клубының басқару моделін сынға алды. Команданың спорттық көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Маусым қорытындысы бойынша «Шахтер» кестеде соңғы орын алған еді. Осылайша Премьер-лигадан шығып қап, бірінші лигада ойнауға ғана мүмкінді алған.
– Мұндай нәтиже – өңірлік футбол саясатындағы жүйелі олқылықтардың нәтижесі. Өкінішке қарай, клубтың дамуына қатысты ұзақ мерзімді жоспар мен маркетингтік стратегия жоқ. Селекциялық жүйе зардап шегуде. 25 футболшының 12-сі легионерлер. Жалпы алғанда, клуб шетелдік легионерлерді қолдау қорына айналды. Тұрақты қаржылық модель жоқ, – деді аймақ басшысы.
Шешім ретінде Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар шұғыл және стратегиялық шараларды қабылдау қажеттігін мәлімдеді. Атап айтар болсақ, басқарушылық тәсілдер мен кадрлық құрамды қайта қарау қажет. Бір ай ішінде футбол инфрақұрылымын дамыту жоспарларын ескере отырып, клубтың стратегиясын әзірлеу керек.
Сондай-ақ, облыс әкімі балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, отандық мамандарды даярлау бойынша тапсырмалар берді.
Біріншіден, өңірлік дене шынықтыру-сауықтыру кешені базасында «Шахтер» футбол клубының филиалдарын ашу қажет. Бұл клуб академиясына іріктеу үшін селекциялық жүйені құруға мүмкіндік береді.
Екіншіден, жас талантты футболшыларды іздеу үшін келесі жылы балалар мен жасөспірімдер командалары арасында футбол турнирін ұйымдастыру қажет.
– Мемлекет басшысы кәсіби және бұқаралық спортты дамыту бойынша бірқатар міндеттер қойды. Осыған байланысты жоғары білікті мамандарды даярлау қажет. Облыста балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бойынша футбол орталығы мен академияның жұмысын күшейту керек. Балалар жаттықтырушыларын, оларды шетелде оқыту мүмкіндіктерін қарастыру керек, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Спорттық көрсеткіштерге келетін болсақ, бір жылдан кейін клубты Премьер – лигаға қайтару міндеті тұр.
Жиын барысында Ермағанбет Бөлекпаев жалпы футбол мен спортты дамыту жоспарлары туралы айтып берді. Мәселен, Қарағандыда спорттық кластер шеңберінде УЕФА стандарттарына сәйкес заманауи стадион, жыл бойы жаттығуға арналған футбол манежін салу жоспарлануда. Ол үшін қалада 67 гектар жер қарастырылған. Бұдан басқа, келесі жылы облыс орталығының орталық стадионы жаңғыртылады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz