Қарағандыда триатлон саябағы салынуда
Қарағанды қаласында триатлон саябағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ашық аспан астындағы спорт нысаны “Көгілдір тоғандар” ықшамауданы мен қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі шағын аудандар арасында салынуда. Саябақ құрылысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке инвестициялар есебінен жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімінің ресми сайты хабарлады.
Триатлон паркінде спортпен шұғылдануға арналған аймақтардан басқа, әлемдік аренада өнер көрсеткен Қазақстан мен облыстың атақты спортшыларына арналған спорттық Даңқ аллеясы да құрылмақ. Қарағандылықтар аллеяны безендіру дизайнын таңдауға қатыса алады. Эскиздер әлеуметтік желіге жарияланып, халық талқылауына ұсынылады.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты.
– Барлық жұмыстар кесте бойынша жүріп жатыр. Алғашқы кезеңде бірінші қашықтық және 150 автомобильге арналған тұрақ аймағы ашылады. Бұл аумақ тамыз айының соңына қарай аяқталмақ. Қыркүйек айының соңына қарай екінші кезеңді аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деп хабарлады “Eurasia Building” ЖШС басқарма төрағасы Айдос Мұхатаев.
Оның айтуынша, жолға арналған тартан жабыны, футбол және баскетбол алаңдары үшін жасанды көгал, сондай-ақ спорттық тренажерлерге тапсырыс берілген. Барлық жабдықтар жергілікті жерде өндірілген. Бұдан басқа, болашақ триатлон паркін абаттандыру жұмыстары да басталып кеткен. Қазіргі күнге дейін 800 ағаш отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жалғасуда.
Жарыс, велосипед және жаяу жүргіншілер жолдарынан басқа, жоба спорттың әр түрі: футбол, баскетбол, теннис және шахмат әуесқойлары үшін көптеген алаңдарды қамтиды. Воркаутерлер мен скейтерлер үшін де аймақтар жайластырылатын болады. Ал жасыл желектер арасында шағын хайуанаттар бағына орын табылды.
Триатлон саябағының инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға сай болады және Қарағандыда республикалық біріншіліктер өткізуге мүмкіндік сыйлайды, деп атап өтті жобаның бастамашылары. Нысан тапсырылғаннан кейін Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасының балансына беріледі.