Қарағандыда өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» акциясы аясында 2 345 құқықбұзушылық тіркелген
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында елдегі көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруды басты міндеттердің бірі ретінде атады. Мемлекет басшысы: «Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар
аз емес. Әр адам өзі мен қоғамдағы адамдардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті сезінуі керек» дей келе, апаттар санын азайту үшін ақылды технологияларды енгізу, жол ережелерін сақтау мәдениетін көтеру, сонымен қатар, құқық бұзушылықтарға қарсы жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін мұқият тапсырды.

Интеллектуалды көлік жүйесі
Осы тапсырмалар аясында кеншілер өлкесінде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда. Атап айтсақ, интеллектуалды көлік жүйесі іске қосылып, бағдаршамдар жасанды интеллект арқылы басқарылады.
Одан бөлек, «Астана-Теміртау» тасжолында инновациялық лазерлік ескерту жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Сонымен бірге, облыста «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы арқылы жол тәртібін бұзушылармен күрес күшейтілуде. Бұл бастамалар – Президент белгілеп берген ұлттық басымдықтарға сай, адам өмірін қорғауға бағытталған жүйелі қадам. Қарағанды қаласында бірнеше жыл бұрын қолға алынған интеллектуалды көлік жүйесі (ИКЖ) толық іске қосылды. Енді шаһардағы 206 бағдаршам бірыңғай орталықтан, нақты уақыт режимінде, жасанды интеллект арқылы басқарылады. Бұл жүйе жол қозғалысын барынша тиімді үйлестіруге мүмкіндік беретінін атап айту керек.
Қарағанды қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары
бөлімі жолаушылар көлігі секторының бас маманы Дастан Оспановтың айтуынша, бұл – әлемдік деңгейде қолданылып жатқан заманауи шешім.
– Бағдарлама шетелдік сарапшылар тарапынан әзірленгенімен, Қазақстанның жолкөлік жағдайынатолықтай бейімделген. Жүйені енгізу жұмысымен отандық IT-компания айналысты. Қазір оның барлық инфрақұрылымы – серверлер, бақылау құралдары мен басқару модульдері Қарағандыда орналасқан. Оған әрі қарай техникалық қызмет көрсетуді де өз мамандарымыз жүргізеді, – дейді бас маман.
Интеллектуалды көлік жүйесі қала көшелерінде көлік жүктемесін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл – қарбалас сағаттарда ең тығыз бағыттарға жасыл белгінің ұзақтығын көбейту арқылы кептелісті азайтуға сеп болады. Қазіргі таңда 206 бағдаршамның 60-ы «жасыл толқын» режимінде жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе жүргізушілерге ұзақ қашықтықты тоқтаусыз жүріп өтуге көмектеседі. Осылайша, қозғалыс бірқалыпты болып, артық тежелулер мен қауіпті қозғалыстар азаяды. Сонымен бірге, жаңа орнатылған бағдаршамдар детекторлармен де жабдықталған. Бұл детекторлардың операторларға жол қозғалысын үздіксіз бақылау және қажетті шешімді жедел қабылдау үшін көмегі мол. Дерекке сүйенсек, интеллектуалды көлік жүйесі енгізілген соң, кері санақ таблолары алып тасталған.
– Бұл жаңалыққа көпшілік түрлі көзқарас танытты. Бірақ, біз шешімді нақты талдау мен тәжірибе негізінде қабылдадық. Біріншіден, жасанды интеллект бағдаршамның жұмысын нақты уақытта өзгерте алады. Сол кезде таблодағы санақ көрсеткіштері дұрыс болмай қалуы мүмкін. Екіншіден, жүргізушілер соңғы секундтарды көріп, жылдамдықты азайтудың орнына үдетіп, үлгеріп өтіп кетуге тырысады. Бұл – жол апатына алып келуі ықтимал қауіпті үрдіс. Біз Шымкент, Астана мен Алматы тәжірибесін зерттеп, кері
санақ таблоларын алып тастадық. Бұл қалаларда табло алынып тасталған соң, орташа жылдамдық төмендеп, апат саны азайды, – деп толықтырды Дастан Оспанов.
Интеллектуалды көлік жүйесі интернет байланысы болмаған жағдайда да жұмыс істей беретінін айта кету керек. Арнайы GSM-модульдер арқылы бағдаршамдарға берілген алгоритмдер автономды режимде іске қосылады. Бұл – үздіксіз жұмыс пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды тетік.
Акцияның артықшылығы
Облыс аумағында 15-30 қыркүйек аралығында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Аталған бастама – жол қозғалысы қатысушылары арасында тәртіпті нығайтып, апаттың алдын алу мақсатында қолға алынған маңызды қадам. Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, акцияның алғашқы үш күнінде 2345 құқықбұзушылық тіркелген.
Нақтырақ айтсақ, 16 жүргізуші мас күйінде көлік басқарса, 44 жағдайда көлікті заңсыз қайта жабдықтаған. 292 маневр жасау ережесін бұзу тіркелсе, 354 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған. Бұдан бөлек, 204 жүргізуші көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлескен, 110 адам бағдаршамның тыйым салатын белгісіне пысқырмаған, 414 жаяу жүргінші жол қозғалысы ережесін бұзған.
Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров бұл көрсеткіштер тәртіпті қатаңдатудың маңыздылығын дәлелдейтінін атап өтті.
– Бүгінгі күні жолдағы қауіпсіздік полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесіне айналып отыр. Көлікті мас күйінде басқару, жылдамдықты арттыру немесе қарсы жолаққа шығу – қайғылы оқиғаларға әкелетін ең қауіпті құқықбұзушылықтар. Біз жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін арттыруға күш салудамыз. Жол ережесі – адам өмірін сақтауға бағытталған негізгі қағида. Әр азамат жолда жүру мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуы тиіс, – деді Жасқайрат Қайыров.
Департамент бастығы орынбасарының айтуынша, бұл іс-шаралар жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін бақылауға, заң бұзушылықтар ды азайтуға және апаттың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын да белсенді жүргізуде.
Тасжолдағы инновация
Елімізде алғаш рет «Астана-Теміртау» бағытындағы республикалық маңызы бар автожолда инновациялық лазерлік ескерту жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Құрылғы Ошағанды ауылы маңындағы 1402-шақырымда орнатылған. Аталған жүйенің басты ерекшелігі – жол белгілері
мен ескерту сигналдарын жүргізушінің тікелей көру алаңына ыңғайлау. Бұл әсіресе түнгі уақытта немесе көру шектеулі жағдайда көлік жүргізетіндер үшін аса маңызды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы таратқан мәліметке сүйенсек, бұл жүйе жүргізушіні алаңдатпай, аяқасты қауіп туа қалса, уақытылы әрекет етіп үлгеру арқылы апаттардың алдын алуға арналып отыр.
«Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, лазерлік ескерту жүйелері қолданыстағы жол белгілеріне қарағанда бірнеше есе тиімді. Жүргізушілер лазерлік сызықтарды көргенде жылдамырақ әрекет етеді. Мұндай жүйе енгізілген елдерде жол-көлік оқиғалары 40-50 пайызға дейін төмендеген», – делінген компания хабарламасында.
Егер жүйе тиімділігін дәлелдесе, болашақта оны еліміздің басқа да жол учаскелеріне енгізу жоспарлануда.
Жол қауіпсіздігі – мемлекеттің ғана емес, қоғамның да ортақ міндеті. Байқасақ, Қарағандыда енгізілген интеллектуалды көлік жүйесі, жол тәртібін күшейтуге арналған «Қауіпсіз жол» акциясы мен
заманауи лазерлік технология – еліміздегі жол қозғалысын жақсартуға бағытталған нақты және нәтижелі қадамдар.«Апат – аяқ астында». Сондықтан, жолдағы әр секунд, әр шешім маңызды. Сол себепті, жолда жүру ұқыптылықты, сабырлылықты, тәртіпті талап ететінін ұмытпаған жөн. Жол ережесін сақтау адам өміріне деген алаңдаушылықты аңғартады. Бұл құрмет – болашақ үшін, өзіміз бен жақындарымыз үшін ауадай қажет. Жол ережесі – өмір ережесінің бір бөлшегі екенін ұмытпайық!
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»