Қарағандыда тазалық көрсеткіштері цифрландырылды
Қарағанды қаласы цифрлық абаттандыру саласындағы тың бастаманы қолға алды. Балқаш қаласынан бастау алған «Тазалық есептегіштері» жобасы облыс орталығында жалғасын тапты. Енді қарағандылықтар өз қаласының тазалығы мен абаттандырылуы туралы нақты әрі ашық ақпаратты нақты уақытта көре алады.

Қала бойынша 25 медиаборд пен 5 LED-экран орнатылып, оларда күн сайын коммуналдық қызметтердің жұмысы туралы мәлімет жаңартылып отырады. Бұдан бөлек, апта сайынғы статистика 53 қоғамдық көлік бағыты бойынша да көрсетіледі. Бұл – қала тұрғындарының тазалық жұмыстарының барысынан үнемі хабардар болуына мүмкіндік береді.
Ақпарат мазмұны мынадай негізгі бағыттарды қамтиды:
- шығарылған қатты тұрмыстық және ірі көлемді қалдықтардың мөлшері;
- орылған шөп пен тазартылған көшелердің көлемі;
- жойылған стихиялық қоқыс үйінділерінің саны.
Барлық деректер күн сайын жаңартылып, коммуналдық және мердігер ұйымдардың нақты жұмысына негізделеді. Бұл – шынайы көрсеткіштер, ешқандай жасанды “көркемдеу” немесе сандарды әсемдеу жоқ.
Жоба тұрғындардың сенімін арттырып, қалалық қызметтердің жұмысын ашық етуге бағытталған. Қалада не істеліп жатқаны көз алдыңда көрініп тұрса, оған сену де оңай, ал қатысу – әлдеқайда ықыласпен болады. Бұл бастама – қала мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтатын, өзара жауапкершілікті күшейтетін маңызды қадам.
«Тазалық есептегіштері» тек ақпарат беру құралы ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарын тазалыққа, ұқыптылыққа, жауапкершілікке үндейтін қоғамдық құрал.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА