Қарағандыда тау-кен металлургия саласындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік конференциясы өтті
Қарағандыда «Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік: сын-қатерлер, шешімдер, заңнама және инновациялар» атты салалық конференция өтті. Іс-шараны ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті ұйымдастырды. Оған Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық қауымдастықтар, өнеркәсіп кәсіпорындарының мамандары және ғылыми орта қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Күн тәртібінде өндірістік қауіпсіздікті күшейтудің жаңа тәсілдері, саладағы өзекті тәуекелдер, цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ инновациялық технологияларды пайдалану, инженерлік кадрларды даярлау және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бағыттарына ерекше көңіл бөлінді.

Спикерлер мемлекет, бизнес, ғылыми қауымдастық және білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл өзара байланыс өндірістегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Конференция аясында қатысушылар «Karaganda Komir» ЖШС диспетчерлік орталығына барып, оның жұмыс процесімен және өндірісті басқару жүйелерімен танысты.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



