Қарағандыда Талдау мектебіне құжат қабылдау басталды
Игі бастаманың ең алғаш болып Қарағанды облысында жүзеге асатыны жайлы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында атап өтті.

– Бүгінгі таңда мемлекет қуаты жер қойнауындағы байлықпен емес, жас буынның ақыл-ой әлеуетімен өлшенеді. Өйткені елдің ертеңін айқындайтын күш – жаңа идея тудыра алатын, жасампаз ұрпақтың қолында. Осы міндетті жүзеге асыратын жаңа білім кеңістігі – Талдау мектебі. 5 жыл бойы еліміздің қуатты әрі инновациялық дамуына ықпал етіп, бейстандарт стратегияларды құруға қабілетті мамандардың жаңа буынын қалыптастырып келе жатқан бірегей мектеп өңірлерді де қамтымақ. Игі бастама ең алғаш болып Қарағанды облысында жүзеге аспақ. Біздің өңірімізге сенім білдірген Мәулен Сағатханұлына алғыс айтамыз, – деп атап өтті Әлібек Үсенұлы.
Облыс әкімі орынбасарының атап өтуінше, бұл – аймақ жастарының әлеуетіне берілген жоғары баға. Себебі Қарағанды – еліміздің индустриялды жүрегі ғана емес, талай білікті маман, зиялы тұлғаның түлеген қасиетті мекен. Бұл өлкенің жастары еңбегімен, табандылығымен әрдайым ел дамуына қатысты маңызды істерде алдыңғы сапта.

– Оған қоса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аналитикалық қарым-қабілеті жоғары мамандардың жаңа толқынын даярлаудың маңызды екенін бірнеше рет атап өткенін ескерсек, Қарағандылық Талдау мектебінің түлектеріне артылар жауапкершілік үлкен. Біздің жасампаз әрі білімді жастарымыз тек бір өңірдің ғана емес, күллі мемлекет пайдасына жарар маман боларына сенімдімін. Себебі, Талдау мектебінің түпкі мақсаты – қоғам өміріне түбегейлі өзгеріс енгізетін, мықты стратег, батыл реформатор, көреген көшбасшы қалыптастыру. Сонда ғана ұлт дамуы сыртқы және ішкі кедергілерді еңсеріп, саналы таңдау мен жүйелі еңбектің жемісіне негізделеді, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Айта кеткен жөн, Талдау мектебіне 35 жасқа дейінгі кез-келген маман қосыла алады.
Құжаттар qaragandy.taldaumektebi@gmail.com электронды поштасына келесі құжаттарды жіберу керек:
📌өтінім;
📌түйіндеме;
📌диплом көшірмесі немесе ЖОО-нан анықтама;
📌мотивациялық және ұсыныс хаттар;
📌аналитикалық материалдарға сілтеме (болған жағдайда).
Іріктеу нәтижесінде ең үздік 30 үміткер анықталып, 8 қарашадан бастап оқуға кіріседі. Осылайша қатысушылар деректерді талдау, қоғамдық үрдістерді бағамдау, саясат пен әлеуметтік саланың өзекті мәселелерін саралау дағдыларын меңгереді.
Өтінімдер 4 қараша, сағат 19:00-ге дейін қабылданады. Қосымша ақпарат Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының ресми аккаунтында.
Аяулым СОВЕТ



