АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда тағы екі бала терезеден құлап кетті

13 және 15 маусым күндері Қарағанды қаласында тағы да балалардың терезеден құлау деректері тіркелді. Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, екі бала да көпқабатты үйлердің терезесінен құлап, түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

Сурет opennews.kz

Алғашқы оқиға 13 маусым күні сағат 19:15-те Әлихан Бөкейхан атындағы ауданында, Металлистов көшесіндегі бес қабатты үйдің төртінші қабатында орын алған. 2022 жылы туған ер бала үлкендердің қарауынсыз қалған – анасы көрші бөлмеде болған. Нәтижесінде бала терезеден құлап, политравма диагнозымен ауруханаға жатқызылды.

Екінші оқиға 15 маусымда сағат 16:00-де Голубые пруды шағынауданында болды. Он қабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтердің терезесінен 2024 жылы туған бала құлап кеткен. Оқиға кезінде әкесі баланың жанында болғанымен, абайсыздық салдарынан қайғылы жағдай орын алды. Бұл бала да политравмалармен ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі уақытта екі бала да орташа ауыр жағдайда дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Жаз мезгілі басталғалы бері елімізде және облыс көлемінде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеп кетті. Негізгі себеп – ата-аналардың баланы қараусыз қалдыруы және қауіпсіздік шараларының сақталмауы.

Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға тағы бір мәрте ескерту жасайды:
• Балаларды ешқашан қараусыз қалдырмаңыздар;
• Москит торына сенбеңіздер – ол баланың салмағын көтере алмайды;
• Терезеге қауіпсіздік құрылғыларын орнатыңыз – бекіткіштер мен шектеуіштер;
• Балаларға терезенің қауіпті екенін түсіндіріңіз;
• Жиһаздарды терезе маңынан алыстатыңыздар.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button