Қарағандыда тағы бір тұрғын үй бұзылады
Қарағандыда соттың шешімі бойынша бұрынғы автостанция маңындағы Мұқанов көшесінде орналасқан «Хан» тұрғын үй кешені бұзылады.
Ғимаратты бұзу туралы талаппен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы экономикалық сотқа жүгінген.
– Сот талқылауы барысында ЖШС-нің құрылыс-монтаж жұмыстарын өндіруге мемлекеттік лицензиясы жоқ екені анықталды. Сонымен қатар объектіде авторлық және техникалық қадағалау жүзеге асырылмаған. Құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген тәртіппен бекітілген сараптамасыз, жобалық құжаттамасыз жүргізілді, – дейді соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, сот құрылыс салушы үлескерлердің қаражатын рұқсатсыз тартқанын анықтады. Бұл үшін құрылыс компаниясына айыппұл салынды.
– Белгіленген жағдайларда сот талапкердің талаптарын қанағаттандырды және салынып жатқан нысанды өз бетінше салу деп таныды, сондай – ақ ЖШС – ні сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 60 жұмыс күні мерзімін белгілей отырып, оны өз қаражаты есебінен бұзуға мәжбүр етті, – делінген ведомствода.
Сонымен қатар сот шешімі заңды күшіне еңбегені атап өтілді.
Бұған дейін Қарағандыда экономикалық сот «Нұра» тұрғын үй кешенін бұзу туралы шешім шығарған болатын.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz