Қарағандыда «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты арқылы 25 жас өз жобасын іске асыруда
Қарағанды облысының жастары өз бастамаларын жүзеге асыру үшін қаржылай қолдауға ие болуда. Облыс әкімінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары бірнеше жылдан бері табысталып келеді. Биыл байқауға 300-ден астам өтінім түсіп, нәтижесінде 25 жоба жеңімпаз атанды. Б9л туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Гранттар алты бағыт бойынша беріледі: бизнес, ғылым, ақпараттық технологиялар, мәдениет, медиа және волонтёрлік. Өтінім қабылдау 27 қазанда басталып, Тәуелсіздік күні қарсаңында қорытындыланды.
– 300-ден астам жобаның ішінен 50-сі ақтық кезеңге өтті. Комиссия әлеуметтік маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, 25 жобаны іріктеді. Әр жобаға 2 млн теңгеден грант бөлінді. Грант иегерлері келісімшартқа қол қойғаннан кейін атқарылған жұмыстар бойынша есеп береді. Сондай-ақ арнайы мониторингтік топ жобалардың жүзеге асырылуын бақылап отырады, – деді жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қызметкері Ұлан Омаров.
Гранттар әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған жобалар өзектілігін сақтауда.

Қарағандылық Гүлшат Қуанышбек 2024 жылы грант иегері атанып, сенсорлық интеграция кабинетін ашты. Ол – ерекше баланың анасы, медицина қызметкері әрі дефектолог.
– «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық байқауы туралы естіген соң бағымды сынап көруге бел будым. Жеңімпаз атанғаным туралы хабарды зор қуанышпен қабылдадым. Грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, қолайлы ғимаратты жалға алдым. Наурыз айынан бастап сенсомоторлық бұзылыстары бар балалармен жеке форматта жұмыс жүргізіп келемін. Осы уақыт ішінде шамамен 80 бала қабылданды. Бұл грант – өз ісіңді бастауға берілген үлкен қолдау, – дейді ол.

Гүлшат Қуанышбек өзге жастарды батыл болуға, қоғамға пайдалы идеяны жүзеге асыру жолында табандылық танытуға шақырды.
Тағы бір грант иегері – Мария Веч Қарағанды қаласында «Ерекше өнер» қайырымдылық шеберханасын ашты. Грант қаражаты жабдықтар мен қажетті материалдарды алуға жұмсалған.

Шеберханада ерекше қажеттіліктері бар балалар ата-аналарымен бірге қолөнермен айналысып, ұлттық нақыштағы бұйымдар дайындайды. Олар ағаш пен саздан бұйымдар жасап, шоперлер тігіп, дайын өнімдерін қалалық жәрмеңкелерде ұсынады.
Айта кетейік, биыл тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған өзге де әлеуметтік жобаларды қолдау көзделген. Атап айтқанда, Қарағанды қаласында инклюзивті типография мен бариста мектебін, ал Қарқаралыда инклюзивті дәмхана ашу жоспарланып отыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



