Коронавирус

Қарағандыда төтенше жағдай кезінде коммуналдық төлемдер азайып, айыппұл мен өсімақылар жойылады

Қарағанды облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент басшысы Арман ӨТЕГЕНОВ коммуналдық қызметтерді төмендетілген тарифтер бойынша кімдер төлей алатынына тоқталып, Шахтинскідегі электр энергиясы үшін күрт өсіп кеткен шоттардың жағдайына түсініктеме берді.

Биыл наурыз айында төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық қызмет тарифтерін азайтуды тапсырған-ды. Қарағанды облысында сәуірдің басынан бері төлемдерді 5%-ға төмендетті. Сумен жабдықтау және су бұру, электр және жылу беру қызметтері де арзандаған.

– Тарифтің төмендеуі бұқара халық үшін ғана жасалып отыр. Заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар қызметтерді бұрынғысынша төлейді. Өңір азаматтары тарифті төмендету есебінен жалпы құны 160 млн теңге қаражатты үнемдей алады деп күтілуде. 65 шаршы метрді құрайтын бір пәтерде үнемдеу айына шамамен 600 теңгені құрайды, – деп хабарлады Арман Өтегенов.

Тариф төтенше жағдай режимі қолданылатын барлық кезеңге төмендетілді. Бұл ретте көрсетілетін қызметті берушілер төлемдердің мерзімін өткізіп алғаны үшін айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептемейді.
Ол сондай-ақ, Шахтинск тұрғындарының электр энергиясы үшін төлемі неліктен ұлғайғанын түсіндірді. Департамент басшысының айтуынша, бұл карантин енгізілуіне байланысты. Адамдар көп уақыттарын үйде өткізеді және электр құралдарын жиі пайдаланады.
Егер, коммуналдық қызметтерді алу мәселелеріне қатысты сұрақтар туындаса, қызмет көрсетушілерге немесе Табиғи монополияларды реттеу департаментінің жедел желісіне қоңырау шалуға болады (8 -7112) 42-67-00.

Басқа материалдар

Back to top button