АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда тұрғын үй басқаруына арналған алғашқы өңірлік форум өтті

Қарағанды облысында «AMANAT — TURǴYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың өзекті мәселелеріне арналған алғашқы форум-семинар өтті. 300-ден астам қатысушыны біріктірген іс-шарада МИБ пен ПИК қызметінің тиімділігін арттыру, тұрғындар мен басқарушы құрылымдар арасындағы сенімді нығайту және ашық басқару тетіктерін дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғын үй қорын басқару мәселесі өңір тұрғындары үшін аса өзекті екенін атап өтті.

– Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару – бұл ең алдымен адамдардың күнделікті тұрмыс сапасы. Тұрғындар тарапынан түсінікті ережелерге, ашық шешімдерге және өз пікірін жеткізе алатын жүйеге сұраныс жоғары. Мемлекеттің міндеті – мұндай жүйенің тұрақты әрі пәтер иелерінің мүддесіне сай жұмыс істеуіне жағдай жасау. Облыс әкімдігі осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, тұрғындармен тұрақты диалог орнатып келеді және басқарудың тиімді тетіктеріне көшуге қолдау көрсетіп отыр, – деді өңір басшысы.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысында жаңа басқару форматына көшуі тиіс шамамен 6,5 мың көппәтерлі тұрғын үй бар. Алайда бұл процесс әзірге 1756 үйде ғана толық жүзеге асырылған.

TURǴYNDAR AMANATY жобасының басты мақсаты — тұрғындардың өз үйлері мен аулаларын басқару ісіне белсенді араласуын қамтамасыз ететін заманауи, қауіпсіз әрі ашық қалалық орта қалыптастыру. Жоба өткен жылы Астанада пилоттық форматта іске асырылып, оң нәтижелерін көрсетті. Биыл бастамаға Қарағанды облысы қосылды.

AMANAT партиясының хатшысы Александр Данилов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тиімді жүйе – мемлекет, партия және қоғам үшін ортақ мақсат екенін атап өтті.

– Бұл жоба МИБ, ПИК және мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, басқарушы құрылымдардың кәсіби деңгейін арттыруға және сапалы коммуникация орнатуға бағытталған, – деді ол.

Жоба аясында өңірде тұрғындарды, МИБ пен ПИК төрағаларын, сондай-ақ белсенді азаматтарды «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына кеңінен тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және мемлекеттік органдар және монополистермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша құқықтық және консультациялық қолдау көрсетіледі.

Қарағанды облысы бойынша тұрғын үй қорын басқару және қызмет көрсету компаниялары қауымдастығының атқарушы директоры Людмила Галюкевич форум тәжірибе алмасуға арналған тиімді диалог алаңына айналатынына сенім білдірді.

Форумның пленарлық отырысында энергия үнемдеу мәселелері мен «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген негізгі өзгерістерге ерекше назар аударылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша меморандумға қол қойылып, ұсынымдар мен хаттамалық тапсырмалар әзірленді. Бұл құжаттар «AMANAT» партиясының орталық аппаратына жолданып, Мәжіліс деңгейінде қаралатын болады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button