Қарағандыда «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы қорытындыланды
Аймақта мектеп оқушылары арасында қыркүйек айында басталған «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы мәресіне жетті Аудандық, қалалық кезеңдерден іріктелген 39 қатысушы ақтық кезеңде бақ сынады.

Байқау талабына сәйкес, қатысушылар «Бөгенбай батыр» жырын Тастыбай Жағыпарұлының нұсқасында жатқа айтып қана қоймай, көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, географиялық жер-су атауларын ажыратуы керек. Жобаға облыс әкімдігі мен «AMANAT» партиясы мұрындық болды.

Жеңімпаз есімі жарияланған салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары – Әлібек Әлденей, «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы – Бекзат Алтынбеков және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жыр додасы Қарағанды облысынан басқа өңірлерде осыдан 8 жыл бұрын басталған еді. Ол кезде оқушылар «Алпамыс батыр» жырын жаттаған. Келесі байқауларда «Қобыланды батыр», «Ер Едіге» жырлары қамтылды.

«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық байқауының аудандық, қалалық кезеңі 20-28 қараша аралығында өтті. Бірінші кезеңде топ жарған өнерпазға 150 мың теңге, II орынға – 100 мың, ал, III орынға 70 мың теңге қаржылай сыйлық табысталған. Ақтық кезеңде жүзден жүйрік атанған жеңімпаздың есімін жарияламас бұрын облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, байқаудың тәрбиелік және рухани мәніне ерекше тоқталды.

– Қазақ халқының рухани мұрасын жаңғыртуды көздейтін игі бастама тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келді. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», – деген Президентіміз азаттығын сан ғасыр аңсаған елдің бүгінгі күніне бағдар беріп, ертеңгі мұратын айқындады. Жаугершілік заманда елін, жерін қорғап, қазақтың азаттығын сақтау жолында аянбаған Бөгенбай батырдай даңқты қолбасшылардың ерлігі кейінгі ұрпақтың рухын асқақтатады. Қастерлі күн қарсаңында жас өрендердің даңқты қолбасшының ерлігін жырлауын – бабалар рухына жасалған тағзым, елдік рухтың жаңғыруы деп білеміз. Бүгін сахнаға шыққан жас жыршылардың өнерінен батыр бабаларымызға деген құрмет, ұлттық мұраға деген адалдық байқалды. Бұл – елдің ертеңіне деген үмітімізді нығайтатын ерекше көрініс. Өйткені жыр жаттаған баланың ойы жүйрік, тілі шымыр, қайсар, намысшыл, отаншыл келеді. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарымыздан сусындап өседі.
Осындай талапты жастарға тәлім-тәрбие берген Ұстаздар мен ата-аналарға алғысымыз шексіз! Бұл жобада ешкім жеңілген жоқ. Себебі жыр жаттау арқылы жас өрендердің санасына сіңген ақпарат, бойларында қалыптасқан қабілет алдағы өмірлерінде талай шыңды бағындыруға жол ашады! – деді Әлібек Әлденей.

114 беттен тұратын «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтып, жарысуға 4 мыңнан астам оқушы өтініш берген. Соның ішінде 70-ке жуығы – өзге этнос өкілдері.
Жыр бәйгесінде оза шыққан талапкер – Райана Әмірхановаға 1 млн. теңге көлемінде қаржылай сыйлық және Қазтұтынуодағы университетінің білім гранты табысталды. Дарынды өнерпазды бірнеше ай бойы дайындаған ұстазы – Толғанай Ерменбетоваға да 1 млн. теңге көлемінде сертификат пен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы атынан су жаңа көлік тарту етілді.

II орын Ақтоғай ауданынан келген Инабат Сәрсенбекқызына бұйырды. Жетекшісі Арайлым Тенелді екеуіне 500 мың теңгеден ақшалай жүлде берілді. III орынды Шет ауданының тумасы – Жанерке Өмірғалиева еншіледі. Жеткшісі Жұлдыз Шопанова екеуіне 250 мың теңгеден сертификат табысталды.
Жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары – Әлібек Әлденей, Алаштың ақберені, ақиық ақын – Серік Ақсұңқарұлы және экономика ғылымының докторы, профессор, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің ректоры – Ерқара Аймағамбетов табыстады.

Қарағандыдағы №1-ші арнайы мектеп-интернатының оқушысы Нұрсая Ырзағалиға қазылар алқасының шешімімен арнайы жүлде тағайындалды. «Қос жанарынан айрылған жеткіншекке жыр жаттату оңайға соқпады», – дейді ұстазы Гүлнұр Балтабаева.
– 114 бет, 4040 жол, 30 мың сөз. Осының бәрін шәкіртім тыңдап отырып жаттады. Сонымен қатар, осы жырды нүктелі алфавитпен жазып шықтық. Жырды жан-тәнімен сезіну үшін ипподромға да арнайы барып, аттың жалын ұстаттық. Ат әбзелдерін де қолына ұстап көрді. Батырлардың қару-жарақтары сақталған музейлерге бардық, – деді Гүлнұр Балтабаева.
Марапаттау рәсімі концерттік бағдарламаға ұласты. Жеңімпаздар мен ұстаздардың құрметіне қазақтың классикалық әндері орындалды. Сахна төріне «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков те көтеріліп, өзінің лебізін білдірді.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»


