Облыс әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Қарағанды облысында үстел теннисінің 2025 жылғы қорытындылары мен алдағы маусымдық жоспарлары қаралды. Кеңеске облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

Өңірде бұл спорт түрімен 5 мыңға жуық адам айналысады. Үйірмелер бірнеше ауданда және Балқаш, Теміртау қалаларында жұмыс істейді. Қарағанды мектебі республикалық және халықаралық жарыстарда тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
— Қарағанды облыстық үстел теннисі федерациясы спорт қауымдастығында жоғары беделге ие, өзіндік дәстүрі мен елеулі жетістіктері бар. Бүгінгі отырыс — өзекті мәселелерді талқылап, жұмыстың басым бағыттарын айқындап, таяу кезеңге нақты қадамдарды белгілеуге мүмкіндік, — деді Ермағанбет Бөлекпаев федерация басшысы ретіндегі алғашқы кеңесін ашып.
Федерация құрамында 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 37 Қазақстан Республикасының спорт шебері бар. Білікті жаттықтырушылар штабы жұмыс істейді.
Облыс спортшылары халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетуде. Алан Құрманғалиев Азия кубогында ширек финалға жетіп, Катардағы турнирде екі қола медаль жеңіп алды. Алдағы маусымда ірі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары жоспарланған.
Сондай-ақ жазда ашық республикалық жасөспірімдер турнирін өткізу көзделген. Қарағанды үстел теннисі орталығы халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдай алады.
Өңір басшысы мектептерде үстел теннисін дамыту және ақпараттық жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



