Қарағандыда спорт саласындағы көшпелі отырыс басталды
Қарағандыда «Қазақстан спорт ардагерлері Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Президиумының көшпелі отырысы басталды. Отырыстың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысып, іс-шараны ашып берді.

Көшпелі отырыста Мәдениет және спорт министрлігінің дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов төрағалық етті. Сонымен қатар, Несіп Жүнісбаев, Анатолий Степаненко, Наталья Сухорукова және Валерий Громов сынды спорт ардагерлері қатысып, ойларын ортаға салды. Сөз алған Серік Жұманғалиұлы:
– Осыдан бірнеше жыл бұрын республикалық ардагерлер кеңесі құрылған болатын. Осы жолы ардагерлеріміз Қарағандыға ат басын тіреді. Әрине, мұндай отырыстардың бізге берері мол. Себебі, білмегенімізді үйретіп, жол нұсқайтын осы ардагерлеріміз. Сондықтан, осы отырыстан көп нәрсе ойға түйеміз деген сенімдемін, – деді басқарма басшысы.
Отырыс барысында Бірлестіктің алдағы даму бағыттарын айқындауға қатысты негізгі мәселелері талқыланды. Әрі облыстық филиалдың қызметіне байланысты өзекті дүнелер талқыға салынды.
Сонымен қатар, күн тәртібінде Бірлестіктің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылау көзделген. Атап айтсақ, өңірлік бастамаларды дамытуға, ардагерлер қозғалысын нығайтуға, білім беру және әлеуметтік-спорттық бағдарламаларды кеңейтуге баса назар аударылмақ.
Сапар аясында қатысушылар Қарағанды қаласының алдыңғы қатарлы спорт нысандарын аралайды деген жоспар бар. Әуелі мұз сарайы, үстел теннисі орталығы, С. Сәпиев атындағы бокс орталығына, одан кейін жаңа футбол орталығына бармақ.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz