Аймақ

Қарағандыда «Спорт әр аулада» жобасына мыңнан астам адам қатысуда

Қарағанды қалалық әкімдігі және дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен «Спорт әр аулада» жобасы екі жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде, мыңнан астам қала тұрғыны үйдің жанында спортпен шұғылданады. 

 

– Бұл жаттығулар 8 жастан бастап егде жастағы адамдарды қамтиды. Былтыр 24 алаңда құрылса, биыл алаң саны 40-қа жетті. Мыңнан астам адам тұрақты түрде қатысып тұрады, – дейді Қарағанды қаласының дене шынықтыру және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбеков.

 

Бүгінде жаттығуларды өткізу үшін қалада 40 спорттық алаң бар. Тұрғындардың барлық жастағы топтары үшін сауықтыру жаттығулары, скандинавиялық жүріс, күш жаттығулары, шеберлік сабақтар, зумба, йога және т.б. үнемі өткізіліп тұрады. Жаттығулардың бәрі тегін екенін айту керек.

Аулаларда жаттығулар таңғы сағат 7.00-8.00 аралығында және кешкісін жұмыстан соң сағат 20.00-21.00 аралығында өтеді.

 

– 63 жастамын. Жобаға қатысқаныма 2 жыл. Өзіммен бірге күйеуімді де ертіп келемін. Жоба туралы Instagram арқылы білдім. Бұл жоба бізге жинақылық, көтеріңкі көңіл күй және уақытты тиімді өткізіп, жаңа адамдармен танысып, сөйлесуге мүмкіндік береді. Таңертең және кешкісін жаттығамыз. Кешке тіпті көп адам жиналады. Әсіресе балалар қатысып, бізбен бірге билеп жаттығады. Ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз, – дейді қала тұрғыны Вера Ониско.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button