Қарағандыда сотталғандар қардан байрағымыздың бейнесін сомдады
Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД №29 мекемесінің сотталғандары Тәуелсіздік күні мерекесін ерекше атап өтті. Олар стадионның футбол алаңында қардан ұзындығы 18 метр, қалыңдығы 60 см болатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесін сомдады.
– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – еліміздің басты рәміздерінің бірі. Тәуелсіздік мерекесіне орай осындай ерекше жұмысты қолға алдық. Тудың бейнесі әр азаматтың жүрегінде патриоттық сезім оятып, Отанымен мақтануға негіз болады! Бұл жобаны жүзеге асыру үшін екі апта уақыт, бірнеше тонна қар, сондай-ақ көк және сары түсті бояулар қажет болды. Сотталғандар күн сайын тәлімгерлердің жетекшілігімен жұмыс істеп, өз идеяларын жүзеге асыруға бар күш-жігерін салды. Осындай ауқымды жұмысты орындауда олардың ауызбіршілігі мен еңбекқорлығы, мемлекетіне деген патриоттық сезімі айқын көрінді, – деді мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Жансейт Әбілқасымов.
Бұл шара сотталғандар үшін тек еңбек процесі ғана емес, өз елінің тағдырына құрметпен қарау, оның болашағындағы өз рөлін түсіну мүмкіндігін де ұсынды.
Шығармашылық пен белсенділік арқылы олар түзелу жолына түсуге және толыққанды азамат ретінде өз Отанын мақтан тұтуға қадам жасады.
Өз тілшімізден.