АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда Smart City аясында азық-түлік бағасы мен инфрақұрылым цифрлық бақылауға алынды

Қарағанды облысында Smart City экожүйесі аясында бірқатар цифрлық шешімдер енгізіліп, олар азық-түлік бағаларын нақты уақыт режимінде қадағалауға, мобильді байланыстың проблемалық аймақтарын анықтауға және қалалық жасыл желектердің жағдайын нейрожелілер арқылы талдауға мүмкіндік береді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Олардың бірі әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын бақылауға арналған. Жүйе «Магнум», «Корзина» және «Аян» сауда желілерінің сайттарынан мәліметтерді нақты уақыт режимінде жинайды, сонымен қатар басқа дүкендерден тікелей алынған ақпаратпен толықтырылады.

— Әр тауар бойынша нақты дүкенді көріп, көрсетілген бағамен сатып алуға болады. Бұл нарықтағы нақты бағаларды, статистикалық орташа көрсеткіштерді емес, нақты жағдайды түсінуге мүмкіндік береді, — дейді Қарағанды облысы Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий. Оның айтуынша, биыл жаңа сауда желілерін қосу және тауарлар тізімін кеңейту жоспарланып отыр.

Тағы бір цифрлық құрал мобильді байланыстың сапасын қадағалауға арналған. Интерактивті карта барлық операторлардың параметрлерін көрсетеді және сигнал әлсіз немесе  тұрақсыз аймақтарын, оның ішінде автожолдар бойындағы учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтер байланыс операторлары мен тиісті ведомстволармен бірлескен жоспарларды әзірлеуде қолданылады.

Қалалық шаруашылық саласында нейрожелілік шешімдер белсенді пайдаланылады.

Green Map жобасы аясында әкімдік қызметкерлері мен еріктілер жасыл желектерді инвентаризациядан өткізді: фотосуреттер бойынша нейрондық желі ағаш түрін және жағдайын анықтайды. Нәтижелер сараптамалық панельге енгізіліп, күтімді қажет ететін проблемалық учаскелер белгіленді.

Сонымен қатар, цифрлық сервистер қалалық құрылымды талдау үшін де қолданылады. Аэрофотосуреттер мен кадастр мәліметтері негізінде жүйе ғимараттардың жер учаскелерінен тыс шығуын, сондай-ақ рұқсатсыз құрылыс жағдайларын анықтайды.

Константин Ильницкий атап өткендей, алдағы уақытта бұл шешімдерді республикалық Smart City бастамаларының бірыңғай реестріне біріктіру жоспарланып отыр. Бұл басқа өңірлерге тексерілген цифрлық сервистерді тиімді пайдалану мүмкіндігін береді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button