Өңірде әскери бөлімдердің қорытынды тексерісі басталды
Қарулы Күштердің құрамалары мен әскери бөлімдерінде биылғы оқу жылының қорытынды тексеруі өтуде. Бұл іс-шараға Қарағанды облысы Қорғаныс істері департаментінің, басқармалары мен бөлімдерінің әскери қызметшілері белсене қатысып, арнайы, атыс, саптық және дене даярлығы бойынша сынақтар тапсыруда.

Қорытынды тексерудің басты мақсаты – әскердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының деңгейін анықтау, жеке құрамның кәсіби шеберлігін бағалау және командирлерге әдістемелік көмек көрсету.
Подполковник Еркебұлан Мұстағұловтың айтуынша, тексеру барысында жауынгерлік шеберлік, тәрбие жұмысы, құқықтық және әскери тәртіп, қызмет қауіпсіздігі бағаланады. Осы көрсеткіштер арқылы жергілікті әскери басқару органдарының тиімділігі айқындалады.
Мұндай іс-шараларға жыл бойы дайындық жүргізіледі. Әрбір әскери қызметші нормативтер мен тесттер нәтижесі бойынша жеке баға алады. Қорытынды тексеру жыл сайын оқу жылының соңында өткізіліп, бөлімшелердің үйлесімділігі мен жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталады.
Сонымен қатар, Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полициясы жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамымен бірқатар алдын алу шараларын ұйымдастырды. Олар есірткі қылмыстары мен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталды. Кинолог қызметтік итпен тыйым салынған заттарға тексеріс жүргізсе, полиция департаментінің өкілдері есірткіге қарсы заңнаманы түсіндірді. Әскери лазарет мамандары тестілеу өткізді, ал автокөлік полициясы жол ережелерін сақтау маңыздылығын ескертті.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»