Бас тақырыпСпорт

Қарағандыда «Шахтёрдің» жаңарған құрамы таныстырылды

Қарағандыда «Шахтёр» футбол клубының жаңа құрамы ресми түрде таныстырылды. Клуб құрамды жасақтауда жастық жігер мен тәжірибенің үйлесіміне басымдық берген. Болашағынан үміт күттіретін жас ойыншылар тәжірибелі футболшылармен толықтырылып, командаға қарқын мен тұрақтылық әкелу көзделген. Орташа жасы 22–23-ті құрайтын ұжым Бірінші лигадағы ең жас командалардың бірі саналады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

1950 жылы құрылған «Шахтёр» – өңірдің басты спорттық нышандарының бірі. Жеңісті кезеңдер мен сындарлы белестерден өткен клуб енді даму стратегиясын жаңғыртып, ұзақ мерзімді жоспарға негізделген модельге көшуде.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев клуб болашағына қатысты стратегиялық ұстанымды атап өтті.

– Жаңарған «Шахтёрді» алда күрделі кезең күтіп тұр. Бас демеушіміз – Freedom Holding Corp. компаниясымен бірлесіп, аула футболынан кәсіби деңгейге дейінгі тұтас экожүйе қалыптастырып жатырмыз. Нақты жоспар бар, оны кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз, – деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, аймақта ауқымды инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған: стадионды қайта жаңғырту, футбол академиясын салу және заманауи манеждер ашу жоспарлануда.

Кештің негізгі бөлігі – команданың ресми таныстырылымы. Сахнаға футболшылар, жаттықтырушылар штабы және клуб қызметкерлері шықты. Жаңа стратегия ойыншыларды тұрақты ойын тәжірибесі арқылы дамытуға, олардың әлеуетін жүйелі түрде ашуға және ұзақ мерзімді мақсаттары бар бәсекеге қабілетті ұжым қалыптастыруға бағытталған.

Команда капитаны Игорь Шацкий жанкүйерлер қолдауының маңызын ерекше атап өтті.

– Сіздердің қолдауларыңызды әр матчта сезінеміз. Бұл бізге сенімділік береді. Қай клубтың намысын қорғап жүргенімізді жақсы түсінеміз. Мақсатымыз – әр ойында жеңіске жету, – деді капитан.

2025 жылдың желтоқсанында клуб «Freedom Holding Corp.» басқаруына өтті. Компанияның атқарушы директоры Тимур Турлов ұзақ мерзімді даму стратегиясына тоқталды.

– Маусымға нақты жоспармен кірістік. Басымдық – жергілікті жас ойыншыларға беріледі. Біз тек негізгі құрамды емес, оның айналасындағы толық инфрақұрылымды дамытып жатырмыз: академия, жаңа алаңдар, заманауи әдістемелер. «Шахтёрдің» жаңа тарихы бүгіннен басталады, – деді ол.

Өңірде әкімдікпен бірлесіп, балалар лигасы BFL-ден бастап мектеп бағдарламаларына, турнирлер мен фестивальдерге дейінгі тұтас футбол жүйесі қалыптасуда. Бұл болашақта клубтың кадрлық резервін жүйелі түрде жасақтауға мүмкіндік береді.

Таныстырылым барысында команданың жаңа ойын формасы көрсетілді: өз алаңындағы матчтарға арналған дәстүрлі қызғылт сары жейде және сырт алаңдағы кездесулерге арналған ақ түсті форма ұсынылды.

Сондай-ақ клубтың даңқ залы ашылды. Алғашқы мүшелері ретінде «Шахтёрдің» аңыз футболшылары Пётр Асылбаев, Андрей Финонченко және Айдос Таттыбаев енді.

Кеш соңында сахнада Дастан Оразбеков өнер көрсетті. Ресми бөлімнен кейін жанкүйерлер футболшылармен жүздесіп, естелік суретке түсіп, қолтаңба алу мүмкіндігіне ие болды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button