Қарағандыда шахматтан республикалық «Senat Open» турнирінің ширек финалы өтуде
Қарағандыдағы Н. Әбдіров атындағы спорт сарайында шахматтан III ашық республикалық «Senat Open» турнирі басталды.

Бұл – ел аумағындағы байрақты бәсекенің алғашқы ширек финалдық кезеңі. Додаға Қарағанды облысының қала-аудандарынан іріктелген үздіккомандалар, яғни, 200-ге жуық шахматшы жартылай финал жолдамасын сарапқа салмақ. Олардың қатарында барлық деңгейдегі депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер мен журналистер бар.

Турнирдің ашылу рәсімінде Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Досымбеков қатысып, қатысушыларға ізгі тілектерін арнады.

Сөз алған спикерлер шахматтың қоғамдағы маңызын ерекше атап өтті. Зияткерлік спорт түрі ретінде ол логикалық ойлауды дамытып қана қоймай, шапшаң әрі дәл шешім қабылдауға, зейін мен төзімділікті шыңдауға ықпал етеді.

– Құрметті «Senat Open» республикалық турнирінің қатысушылары! Бүгін Қарағандыда іріктеу ойындары өтіп жатыр. Мұнда жеңімпаз атанғандар Ұлытау облысында өтетін жартылай финалға жолдама алады. Жыл сайын қатысушылар саны артып, шахматқа деген қызығушылық күшейіп келеді. Аға буын өкілдері жастарға үлгі көрсетіп, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін паш етуде. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Қазақстан шахмат федерациясының қолдауының арқасында бұл зияткерлік ойын жаңа деңгейге көтерілді. Еліміздің барлық өңірінде осындай ауқымды іріктеу кезеңдері ұйымдастырылуда. Қарағандылықтар Жезқазғанда және Астанада өтетін финалдық кезеңде лайықты өнер көрсетеді деп сенемін. Баршаңызға сәтті ойын тілеймін, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.

Жарыстың негізгі мақсаты – өңірлер арасындағы достық байланысты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту.
Бас төреші, FIDE шебері Олег Ринас турнир барысында Қарағанды облысы өңірлері арасында шағын кубок иегерлері анықталатынын атап өтті.
– Турнирге облыстың барлық аймағынан шахматшылар жиналды. Қарағандылықтар жартылай финалдағы 35 жолдама үшін сынға түсуде. Ойындар швейцариялық жүйе бойынша тоғыз кезеңнен өтеді. Өңірлер арасында шағын кубок сарапқа салынады. Жартылай финал Жезқазғанда өтсе, ал, биылғы маусым айында Астанада «Senat Open» турнирінің финалы ұйымдастырылады, – деді ол.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



