Қарағандыда шағын индустриялық аймақ ашылды
Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, Қарағандыда мемлекеттік қолдау аясында алғашқы шағын индустриялық аймақ пайдалануға берілді. Бұл алаң жергілікті тауар өндірушілерге дайын өндірістік цехтарды төмен жалдау бағасымен ұсынады, барлық инженерлік желілер толық қосылған.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңадан салынған аймақпен танысып, кәсіпкерлермен пікірлесті. Аймақ басшысының айтуынша, шағын индустриялық аймақтар – шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді құралы, және олар «Сарыарқа» ӘКК арқылы жеңілдетілген несие шарттарымен жүзеге асырылуда.

Қазір жаңа алаңда полиэтилен құбырлары мен кабель өнімдерін шығару өндірісі жұмыс істеп тұр. Жобаның іске қосылуы шамамен жүз жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етті.

Кәсіпкерлік нысандарды жалға беру мөлшерлемесі «Сарыарқа» ӘКК арқылы бекітіліп, алаң кәсіпкерлердің нақты талаптарына бейімделген.

– Ғимарат қала аумағында орналасуы ыңғайлы, инфрақұрылымы толық. Біз үшін барлық жағдай жасалды, – дейді кабель зауытының директоры Қайыржан Бижігіт.

Қарағандыдағы тағы бір шағын индустриялық аймақ құрылуда, сондай-ақ Саран қаласында да осындай алаң ашылады. Алдағы уақытта облыстың өзге қалаларында да жаңа аймақтар пайда болады.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



