Қарағандыда өрт кезінде өз өмірін қатерге тіккен азамат марапатталды
Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Ринат Қаржасбаев өртеніп жатқан көлікті қауіпсіз жерге сүйреп, апаттың алдын алған азамат Дияр Омарбекке аудан әкімінің атынан Алғыс хат пен сый-сияпат табыс етті.
Естеріңізге сала кетейік, өрт 17 желтоқсанда Ермеков көшесінде болған. Дияр балабақшаға келген сәтінде аулада көлік өртеніп жатқанын көреді. Өміріне қауіп төнгеніне қарамастан ол өртеніп жатқан көлікті ашық, қауіпсіз жерге сүйреп апарған.
– Біз Дияр Берлікұлының батылдығы, адалдығы және кәсіби шеберлігі үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Сіздің батыл әрекетіңіз басқа азаматтардың мүлкін сақтап қалды. Ерліктің, қайсарлықтың, адамгершіліктің үлгісін көрсеттіңіз. Сізге және сіздің отбасыңызға зор денсаулық, амандық және барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!,-деді аудан әкімінің орынбасары Ринат Қаржасбаев кездесуде.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.