Қарағандыда ұрланған 14 миллион теңгені құмар ойынға салып жіберген
Қарағандыда сауда ұйымдарының бірінің 40 жастағы басшысы 14 миллион теңгенің ұрланғаны туралы арызбен полицияға хабарласқан. Ол өзін алдаған адамның жауапқа тартылуын талап еткен.
Полицейлер жәбірленушінің күдіктіні жақсы танымайтынын, тек оның аты-жөнін білетінін анықтады. Күдікті арызданушыдан 1,7 миллион теңге қарыз алып, бір-екі күнде барлық соманы қайтарып беремін деп сендіреді. Жәбірленуші келісіп, қарыз алушы өз көлігін кепілге қалдырған. Келесі күні күдіктінің көлігін пайдаланған сауда ұйымының басшысы банк шотына аудару үшін 14 миллион теңге көлеміндегі қолма-қол ақшаны алып, жұмысқа келген. Біраз уақыттан кейін күдікті келіп, ноутбугын көлікте ұмытып кеткенін түсіндіріп, көлікті ашуын өтінеді. Жәбірленуші оның өтінішін орындап, өз ісімен айналысқан. Алайда шамалы уақыттан соң ішінде 14 миллион теңгесі бар көліктің жоғалғанын анықтайды. Полицейлер Алматы облысының 35 жастағы тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Ол букмекерлік кеңселерге үнемі бәс тігетінін және ставкаларының үнемі сәтсіз болғанын түсіндіріп, қылмысын мойындады. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.