АймақБас тақырып

Қарағандыда республикалық референдумда белсенділік танытқан коалиция өкілдері марапатталды

Облыс орталығындағы «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалында Конституциялық реформа мен республикалық референдум кезінде белсенділік танытқан «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» Жалпыұлттық Коалициясының өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында жаңа Конституция жобасын әзірлеу және оны түсіндіру жұмыстарына үлес қосқан азаматтарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан марапаттар табысталды.

Суреттерді түсірген Александр Марченко

Елімізде үлкен саяси науқан өтті. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде бұл процестің басы-қасында болып, көптеген жайтқа қанық болдық. Бастапқыда парламенттік реформа ретінде басталған жұмыс халықтың белсенділігі арқасында ауқымды сипат алды. 12 мыңнан астам ұсыныс түсіп, Ата заңның 84 пайызы өзгергеннен кейін Жаңа Конституция қабылдау туралы шешім қабылданды. Облысымызда да бір ай бойы түсіндіру жұмыстары үздіксіз, жоғары ыждағаттылықпен жүргізілді, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.

Марапаттау рәсімінің алғашқы бөлімінде Нұркен Қобжанов Мемлекет басшысының Алғыс хатымен бірге «Алтын Барыс» төсбелгісін табыстады.

Бұл жоғары марапатқа өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар тұлғалар ие болды. 

Атап айтқанда, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Рымбала Омарбекова, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Қадиша Оспанова, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков, сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаты Мира Махатчина және «AMANAT партиясы» облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Хабиба Дақынова марапатталды.

Салтанатты жиынның екінші бөлімінде «AMANAT партиясы» облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков сөз алып, Қарағанды облысындағы үгіт-насихат жұмыстарының ауқымын тілге тиек етті.

Жаңа жыл қарсаңында қабылданған Конституциямыз халықтың жағдайын жақсартуға қызмет жасайтынына сенемін. Бұл – сіз бен біздің ортақ жеңісіміз. Осы жолда аянбай еңбек еткен әріптестеріме, коалиция мүшелеріне алғыс айтамын. Әсіресе, облысымыздың түпкір-түпкірінде түсіндіру жұмыстарын жүргізген 385 азаматтың еңбегі орасан. Олар күн-түн демей, әр елдімекенге барып, халықпен тікелей кездесіп, әрбір ұсыныс пен пікірді жеткізуге атсалысты. Осындай бірлік пен ұйымшылдықтың арқасында біз бұл маңызды саяси науқанды жоғары деңгейде өткіздік, – деді Бекзат Қомарұлы.

Әрі қарай Бекзат Алтынбеков түрлі сала өкілдері мен партия белсенділеріне Президенттің Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыстады. Марапат иелері қатарында мәдениет пен руханият саласының өкілдері – Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Саят Әбдіғали, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда, сондай-ақ, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков, блогер-журналист Диана Сапарқызы және өңірлік филиал төрағалары бар.

Сонымен қатар, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері де Президент ілтипатына ие болды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button