Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандыда Республика күні аталып өтті

Ұлтымыздың ұлық мейрамы Республика күніне орай Сәкен театрында салтанатты жиын өтті. Республика күніне арналған аймақтағы негізгі іс-шарада қазақ халқының елдік тақырыбындағы әндері мен күйлері орындалды. Мерекеге орай Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ренат Гайсин арнайы келді. Сонымен қатар, эстрада жұлдыздары Арқа жұрты үшін патриоттық әндерді шырқады. Мерекелік шара аясында бірқатар сала мамандарына арнайы марапат табыс етілді.  Салтанат көк байрағымыздың сахнаға шығарылуымен басталды. Әнұран шырқалды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сахна төріне көтеріліп, аймақ тұрғындарын Республика күнімен құттықтады.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

– Биыл бұл мерекенің маңызы ерекше. Осыдан 35 жыл бұрын Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзімен айтқанда, бұл – тәуелсіздік алуға жасалған батыл қадам болатын. «Республика» деген сөз «баршаға ортақ іс» деген мағынаны береді. Яғни, қазақша айтқанда, ел болудың қамы. Халқымыз «егемен болмай, ел болмас» дейді. Осы жолда жеткен жетістіктеріміз де, көрген қиындығымыз да көп. Ендігі жерде егемендікті сақтап, тәуелсіздігімізді баянды етіп, келесі ұрпақтарға мықты мемлекетті мұра ету – барша саналы азаматтарға парыз. Бұл – бүкіл ел дамуына үлес қосып отырған Арқа жұртшылығының табанды еңбегінің жемісі. Біз үшін ең басты инвестиция – әр адамның, соның ішінде жас ұрпақтың қабілет-қарымын дамытуға жұмсалған уақыт, қажыр-қайрат пен ресурс. Мемлекеттің міндеті – ғылымда, кәсіпкерлікте, шығармашылықта, ақпараттық технологияда, спортта, барлық салада шын дарынның өсіп-өнуіне жағдай жасап, таза әрі ашық бәсеке болуын қамтамасыз ету. Бұл бағытта қазірдің өзінде ауыз толтырып айтарлық жаңалығымыз көп. Бүгін мемлекетіміздің қуатын арттырып, ырысын көбейтіп жүрген бір топ азамат Президенттің жарлығымен мемлекеттік марапатқа ие болып жатыр. Олардың арасында жерлесіміз, даңқты кенші «Шахтинская» шахтасының учаске бастығы Сергей Чернобай да бар. Ол «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағына ие болды. Бұл мәртебелі марапат – 94 жылдық қажырлы еңбек пен әулеттің адал еңбегіне берілген әділ баға. Марапат иесін шын жүректен құттықтаймыз. Оның отбасының ерен еңбегі мен өнегелі жолы баршаға үлгі. «Адал еңбекке – лайықты құрмет» деген осы. Республика күні қарсаңында жоғары марапат алып жатқан әр жерлесімізді Адал азамат деп атауға болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аймақ басшысы республика бойынша тұңғыш рет «Картех» аймақтық инновациялық хабы біздің облысымызда құрылып жатқанын атап өтті.

Саран қаласының экономикалық жетістігі ел аумағында «экономикалық ғажайып» ретінде мойындалғанын, тәжірибесінен басқа моноқалалар өнеге алып, үйреніп жатқанын да айтты. Білім саласындағы жетістіктерге де тоқталды. Биылдың өзінде қарағандылық мектеп оқушылары халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда жалпы саны 56 медаль жеңіп алыпты.


11-і – алтын. Ал, республикалық пән олимпиадаларынан 40 медальға қол жеткізген. Қарағандылық айтыскер ақындардың да республикалық командалық айтыста жеңіс тұғырынан көрінгенін де айшықтады.


Облыс әкімінің құттықтауынан кейін марапаттау рәсімі басталды. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Аян Әбдікәрімов, «Сарыөзен» шаруа қожалығының басшысы Рамазан Әбілдин, Абай қалалық ауруханасының тіс дәрігері Анар Игенсартова, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Шүкіржан Құлжамбек, «Qarmet» акционерлік қоғамының «Саран» көмір департаменті шахтасының машинисі Серік Теміров, «Bolashaq» академиясының профессоры Мәуен Хамзин «Құрмет» орденімен марапатталды. Еңбек ардагері Кендай Ахметов пен «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің «Шығыс» орталық байыту фабрикасы операторы Юлия Барабановаға ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені табысталды.

Сонымен қатар, бірқатар сала мамандарына «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Салтанатты рәсім барысында ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі де табысталды. Марапатқа тарих ғылымдарының кандидаты, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗ университеті, профессорының ассистенті Салават Кентбек, «Дағыстан» ұлттық мәдени орталығы» ҚБ мүшесі Юсуп Умаров лайық деп табылды.

Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»

 

Суретті түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button