АймақБас тақырып

Қарағандыда Рамазан айының алғашқы тарауық намазы оқылды

Қарағандыдағы «Әнет баба» мешітіне 10 мыңнан астам адам жиналып, тарауық намазын оқыды. Облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы облыс жұртшылығын Рамазан айының басталуымен құттықтады. Айлардың сұлтаны болған Рамазанның қадір-қасиетіне тоқталып, мүбәрак мерзімді ізгі амалдармен көркемдеуге шақырды.

Биылғы тарауық намазын қари, Египет Араб республикасында «Асим» қырағаты бойынша Құраннан «ижаза» алған, VIII республикалық Құран жарысының бас жүлдегері Сақи Сатешов жүргізді. Тарауықтан кейін Құран дәрістері басталып кетті. 

Суреттер Әнет баба мешітінің баспасөз қызметінен

Жамағаттың мешітке көптеп жиналуы – өңір тұрғындарының рухани құндылықтарға деген қызығушылығы мен бірлігін байқатты. Намазға қала тұрғындарымен қатар, облыстың түрлі аудандарынан келген азаматтар да қатысты.

Тарауық намазында Құран аяттары оқылып, елдің амандығы мен тыныштығы үшін жасалған дұғалармен өрнектелді. Мешіт ауласында тәртіп пен қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, еріктілер жамағатқа бағыт-бағдар беріп отырды.

Айта кетейік, Рамазан айында облысқа қатысты барлық мешіттерде тарауық намазымен қатар  қайырымдылық шаралары қатар өтеді. 

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button