Қарағандыда Qarmet 84 миллиард теңгелік металлургиялық кешеннің құрылысын бастады
Қарағанды облысында Qarmet компаниясы жаңа ыстық мырыштау және полимерлі жабындар кешенінің құрылысын бастады. Жобаның жалпы құны – 84 миллиард теңге, ал оның іске асырылуы 350 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кешен 2027 жылы пайдалануға беріледі.

Компания мәліметінше, бұл жоба – Qarmet болат өндіру дивизионының өндірістік қуаттарын кеңейтуге бағытталған стратегиялық бағдарлама аясындағы маңызды қадам.
– Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің ірі тау-металлургия кәсіпорнын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асуда, – делінген компания хабарламасында.
Жаңа жабдықтарды жеткізуші ретінде бельгиялық John Cockerill компаниясы таңдалған.
Бүгінде Qarmet металлургия комбинатында жылына 592 мың тонна өнім шығаратын екі ыстық мырыштау желісі және 115 мың тонна өнім өндіретін полимерлі жабын желісі жұмыс істейді.
Жаңа кешен іске қосылған соң мырышталған болат өндірісі жылына 844 мың тоннаға, ал полимерлі жабын өнімдері 254 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл кәсіпорынға құрылыс, машина жасау және инфрақұрылымдық жобаларға арналған бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын өнім шығаруға жол ашады.
Аяулым СОВЕТ