Қарағандыда Qaragandy Half Marathon спорттық іс-шарасына үш мыңнан астам адам қатысты
Жас және егде жастағы спортшылар, әуесқойлар мен кәсіпқойлар, Қарағандыдан және Қазақстанның басқа өңірлерінен жиналған жүгірушілер – Qaragandy Half Marathon стартына 28 мамырда 3256 адам қатысты.
Ең ұзақ қашықтықты 21 шақырым 97,5 метрге 143 жүгіруші жүгірді, ал 50 ерекше бала 2 шақырым қашықтықта өздерін сынай алды.
Биылғы жылы спорттық-бұқаралық іс-шара толығымен өзгертілді. Аты ғана емес (бұрын – Armanǵa jol), логотипі мен жабдықтары, сонымен қатар тіркеу кезіндегі тәсіл, тіпті өткізу орны да өзгерді.
Жартылай марафон “Қарағанды-Арена” мұз сарайы ауданында өтті. Таңертеңнен бастап мұнда жүгірушілер мен жанкүйерлер жиналды.
Ұйымдастырушылар – Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы – бірнеше қашықтықты дайындады.
Ең ұзыны – 21 км 97,5 м (18 жастан асқан қатысушылар үшін), сәл қысқалауы – 10 км (18 жастан асқан қатысушылар үшін), 5 км (15 жастан асқан) және 2 км (9 жастан 14 жасқа дейін).
Жартылай марафонға еліміздің жеңіл атлетикадан ұлттық құрама командасының бас бапкері Дмитрий Карповтың балалары осымен бірнеше рет қатысып отыр.
– Жартылай марафон бесінші рет өткізілуде. Бүгін біз бастапқы орынға – Оңтүстік-Шығысқа оралдық. Бүгінгі іс – шара бәріне ұнайды, жас спортшылар қуана қатысуда. Бүгін менің қызым балалар жарысында жүгіреді, ұлым 10 км таңдады. Көрермендер спорттық рухқа бет бұрып, келесі жолы жартылай марафонға қатысады деп үміттенемін, – деді Дмитрий Карпов.
Алғаш рет жартылай марафонға Азия және Қазақстан чемпионы Владислав Власов қатысуға шешім қабылдады. Спортшы 5 км қашықтықты таңдады.
– Мен өзімді сынап көргім келді. Алған әсерім зор. Мереке жүз пайыз сәтті өтті. Біз бір команда ретінде жүгірдік, ал спорттық рух бүкіл қашықтықта сақталды, – деп бөлісті Владислав.
Биыл жарыстың жаңа түрі – “Экиден” жарысы енгізілді. Бұл 21 км 97,5 м қашықтыққа алты қатысушыға арналған командалық эстафета. Бірінші орынды Karaganda Orienteering командасы жеңіп алды.
– Біздің команданың қатысушылары спорттық бағдарлаумен айналысады. Жартылай марафон туралы білген соң жүгіруді шештік, – дейді команда жаттықтырушысы Жанболат Дәуіт. – Алдымен біз ең мықты үштікте жүрдік. Тек соңында жеңісті жұлып алдық. Нәтижеге өте ризамыз. Біз тағы да қатысамыз.
Әйелдер арасындағы ең ұзақ қашықтықта бірінші орынды қостанайлық Татьяна Нерознак иеленді, ал ерлер арасында өскемендік Әмір Байтуқанов жеңімпаз атанды.
– Өткен жылы мен Қарағандыда 21 км қашықтықта жеңіске жеттім. Бірақ биылғы және өткен жылғы жолдар әртүрлі. Ол кезде мен Қарағандыға қазан айында келдім, суық болды. Қазір күн жылы, басқа орын. Бір нәрсе ғана өзгеріссіз қалған – ұйымдастыру деңгейі әрқашан жоғары. Бізде осындай жартылай марафондар бар екеніне өте қуаныштымыз. Бұл жақсы тәжірибе. Мен міндетті түрде тағы келемін, – деді Татьяна.
Әр қашықтыққа қатысушылар медальдармен және сертификаттармен, жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz