Қарағандыда публицист Ерсін Мұсабектің жаңа кітабы оқырманға жол тартты
Қарағандыдағы Н. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада белгілі публицист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі Ерсін Мұсабектің «Сұңқардың көз жасы» кітабының тұсаукесері өтті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, еңбек ардагері Қанат Отарбаев, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Мағауия Сембайдың жары Мейраш Ұзақбайқызы кітаптың тұсауын кесті.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша 1000 данамен шыққан «Сұңқардың көз жасы» кітабында публицистикалық шығармалар, сұхбаттар, жолжазба және портреттік мақалалар қамтылған.

Тұсаукесерде сөз алған зиялы қауым өкілдері «Сұңқардың көз жасы» кітабының бүгінгі оқырман үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін де құнды рухани мұра екенін айтты. Кітаптағы эсселер мен портреттік мақалаларда уақыт тынысы, тұлға болмысы, азаматтық биік жауапкершілік айқын сезілетініне назар аударылды.

– Кітаптағы 1986 жылы тоталитарлық жүйенің құрбаны болған елге танымал қайраткер тұлға Мейрам Абақанов туралы көлемді эссенің тақырыбы «Сұңқардың көз жасы болатын. Эссенің тақырыбын кітапқа айдар етіп алдық. Кітапта Қазақстанға және елге танымал тұлғалардың портреттік мақалалары және сұхбаттары бар. Ел менен осыдан да үлкен шығарманы күтіп отырғанын білемін. Қазіргі таңда проза жанрына қарай қалам сілтеуге кірістім. Алдағы уақытта прозалық жинағыммен де оқырманмен қайта қауышамын деп ойлаймын. Жүрген жерімде тектілер галереясын жасауға ұмтылып жүремін. «Арқаның алтын адамы» атты тектілер галереясы жобасын жасау ойымда бар, – деді Ерсін Мұсабек.

– Әріптесіміз әрі бауырымыз Ерсін Мұсабеков Жезқазғаннан «Ortalyq Qazaqstan» газетіне қатардағы тілші болып келді. Сол күннен қаламы қарымды, тілі орамды, ойы жүйрік екенін байқадық. Кейіннен жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметіне көтерілді. «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұжымын басқарған Ерсіннің публицистикасы қара өлеңдей оқылатын тілі орамды шығармаға толы, – деді Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, журналист Сүйіндік Жанысбай.

– Құрметті кітапсүйер қауым! Кім қандай кәсіптің тізгінін ұстаса – сол кәсіпті идеологияға айналдыратын заманда өмір сүріп жатырмыз. Осындай заманда даралардың көзәйнегі – кітап. Осы арқылы адам өзінің бағытын анықтайды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқитын ұлт» идеясын көтерді. Қарағанды осы жобаны пилоттық негізде қабылдаған өңір. Абай оқуларын және Бөгенбай батыр жырларын облыс бойынша жаттаттық. Осы өңірдің көзі, құлағы һәм тілі – «Ortalyq Qazaqstan» газеті болса, Ерсін ағамыз сонда қарымды қаламгер ретінде елдің дамуына, өркендеуіне үлес қосып келе жатыр. Үлкен ұжымды басқара отырып, осындай туындыны назарларыңызға ұсынып отыр. Мағыналы әлі мәнді дүниелер жазуда қаламыңыз сарқылмасын, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбай.

Кездесу барысында оқырмандар авторға сұрақтар қойып, жаңа еңбегіне қатысты пікірлерімен бөлісті. Ерсін Мұсабек оқырман қауымға алғысын білдіріп, публицистика мен проза саласындағы шығармашылық ізденісі алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Аяулым СОВЕТ



