Жаңалықтар

Қарағандыда Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Кеншілер мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың облыстың зиялы қауымымен кездесуі өтті. Шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды. Кездесу дастархан басында еркін форматта ұйымдастырылып, ашық пікір алмасу түрінде өтті. Қатысушылар ұлттық идеологияны қалыптастыру, мәдениетті дамыту, ауылдың әлеуетін арттыру сынды өзекті тақырыптар бойынша ұсыныстарын білдірді.

Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев қоғамның рухани және мәдени дамуы ел болашағының басты кепілі екенін атап өтті.

“Қоғам мәдениетін, білімін арттыру – ұлттық идеологияның өзегі. Бұл бағытта әрбір азаматтың белсенді болуы маңызды”, – деді Мәлік Отарбаев.

Кездесуде облыстық мәдениет және өнер саласының өкілдері, жазушылар мен ардагерлер сөз сөйледі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қойлыбай Асан өз ойымен бөлісіп, мәдени мұра мен шығармашылық бастамаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Ал айтыскер Айтбай Жұмағұлов ауыл өміріндегі қиындықтар мен әлеуметтік мәселелерге тоқталды.

“Ауылды сақтап қалу үшін мемлекет барлық күшін салуы керек. Ауылдағы мәдениетті көтермей, елдің рухын көтеру қиын”, – деді.

Сондай-ақ қатысушылар ұлттық нақыш пен қазақ колоритін заманауи мәдениетке үйлестіру, жастардың рухани тәрбиесін күшейту жөнінде ой-пікірлерін білдірді.

Кездесу соңында қатысушылар Президенттің Жолдауында белгіленген басымдықтарды жүзеге асыруда қоғамның белсенді рөліне назар аударып, ұлттық рухты сақтау мен дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді.

Ерік НАРЫН

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button