Қарағандыда пошта саласының үздіктері марапатталды
9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні. Осы мерекеге орай Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында мерекелік шара өтті. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» почта қызметкерлері бұл күні ерекше құрметке бөленді. Мерекелік шараға «Қазпошта» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Нұрланбаев арнайы қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, бірқатар қызметкерге «Қазпошта» АҚ-ның Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.

Қарағанды облыстық филиалы бүгінгі таңда өңірдің байланыс және қаржылық инфрақұрылымының негізгі тірегіне айналған. Пошта желісінің кеңдігі мен қызмет көрсету сапасы бойынша алдыңғы қатарда. Қазіргі уақытта филиал құрамында 190-нан астам бөлімше жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы облыстың шалғай ауылдарына дейін тұрақты қызмет көрсетіп, қала мен дала арасын байланыстырып тұр. Күн сайын филиалдың 900-ге жуық қызметкері халық игілігі үшін тынымсыз еңбек етуде.
Бүгінде «Қазпошта» бөлімшелерінде тек хат-хабар мен сәлемдеме ғана емес, екінші деңгейлі банктердің қызметтері де көрсетіледі. Тұрғындар коммуналдық төлемдерін өтеп, мемлекеттік қызметкерлер еңбекақысын алып, ақша аударымдарын жасап, зейнетақы мен жәрдемақыларын сол жерден рәсімдей алады.
– Пошташылардың еңбегі орасан. Бір күнде мыңдаған шақырымды артта қалдырып, әр шаңыраққа жағымды жаңалық жеткізеді. Атап айтсақ, күн сайын Қарағанды филиалы арқылы 20 000-нан астам пошта жөнелтілімі, 27 000-нан астам ақша аударым, 55 000-нан астам қаржылық транзакция жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда біздің филиал республикалық деңгейінде жоғарғы көрсеткіштермен қарсы алып отырмыз. Бұның бәрі – сіздердің еңбектеріңіз, – деді Ерлан Құмарбекұлы.
Облыстық филиалдың құрылымында жиырмадан астам бөлім бар. Соның ішіндегі сату бөлімі – «Қазпоштаның» жүрегі іспетті. Олай дейтініміз, дәл осы бөлім филиалдың негізгі жұмысын үйлестіріп, облыстың түпкір-түпкіріндегі халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта бөлім құрамында 11 маман жұмыс істейді. Ал, бұл бөлімді бүгінде өз ісінің майталманы, тәжірибелі маман Зәуреш Түсіпова басқарады. Жас маман 2004 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, дәл осы қарашаңырақта еңбек жолын бастаған. Содан бері табан аудармай жиырма жылдан астам еңбек еткен.
– Ауылдық елді мекендерге зейнетақы мен еңбекақыны жеткізу тұрғысынан біз бірінші орындамыз. Бұл жұмысты бізден басқа ешкім атқара алмайды десек, қателеспейміз. Ақша болсын, тауар болсын, тұтынушының қолына жеткенге дейін біз оның қозғалысын үнемі қадағалап отырамыз. Жалпы, пошта арқылы көрсетілетін барлық қызмет түрі алдымен біздің бөлімде өңделеді, – деді Зәуреш Алтайқызы.
Мерекелік іс-шара барысында «Қазпошта» АҚ-ның Құрмет грамотасымен марапатталған мамандардың бірі – Айна Айтенова. Өзі бұл салада 2016 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын қарапайым администратор қызметінен бастап, оператор, кейін сұрыптаушы ретінде де жұмыс атқарған. Бүгінде автотранспорт бөлімінің жетекшісі қызметін атқарып отыр. Тауарларды жеткізіп беретін көліктердің бағытын жоспарлап, жүктердің уақытылы және қауіпсіз жеткізілуін қадағалау – осы бөлімнің тікелей бақылауында.
– «Қазпоштада» менің әкем мен анам да еңбек еткен. Сол кісілердің ізін жалғап, мен де осы салаға келдім. Өзіме жұмысым қатты ұнайды. Біз жауын-шашынға да, ақтүтек боранға да қарамай қызмет атқарамыз. Бір күнде жүк көлігі мен жеңіл көліктерді қосқанда 30-дан астам техника жолға шығады. «Қазпоштада» оңай жұмыс жоқ. Бірақ біздің ұжым – тату-тәтті. Бір-бірімізге деген қарым-қатынасымыз мығым. Содан болса керек, жұмысымыз да жеңіл жүреді, – деді Айна Сағатқызы.
Іс-шарада Алғыс хат иеленген жанның бірі – Айжан Джантелова. Ол 2018 жылдан бастап осы салада қызмет етіп келеді. Әу баста жұмысын операторлықтан бастаған. 2021 жылдан бастап пошта логистикасы және өндіріс бөлімінің бас маманы болып тағайындалады. Бұл бөлім әрбір тауар мен жөнелтілімнің бір нүктеден екіншісіне дейін уақытылы әрі қауіпсіз жеткізілуін қадағалайды.
– Қазір бәрі цифрланған заманда өмір сүріп жатырмыз. Біз әрбір тауардың қай жерде екенін, тұтынушының алған-алмағанын онлайн бақылап отырамыз. Егер тұтынушы тарапынан қандай да бір сұрақ туындаса, бізге хабарласады. Ал, біз тиісті шараларды бірден қабылдаймыз. Бастапқыда бұл салаға келгенде пошта қызметі жайында білмеппін. Тек хат пен сәлемдеме тасымалдаумен ғана шектеледі деп ойлағанмын. Сөйтсем, бар қызық осы жерде екен. Әр күнім әртүрлі өтеді. Әр сәтің түрлі эмоцияға толы. Сол себепті де бұл жұмыс – мен үшін ерекше, – дейді Айжан Сағатқызы.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»