Жаңалықтар

Қарағандыда – поляк киносы

Толғауы тоқсан тіршілікте мыңдаған, миллиондаған оқиғалар болады. Арман алысқа жетелеп, түрлі жоспарлар құрған сәтте келеңсіз оқиғалар оның күл-талқанын шығарады. Алайда, адам бойындағы батылдық алға қойған мақсаттан айнытпайды. Қоғамдағы келеңсіз жайттарға арқау болған түрлі оқиғалар поляк режиссерлерінің көзқарасымен «Сарыжайлау» кинотеатрында Қазақстандағы «ВИСЛА» поляк кинофестивалінде көрермендерге ұсынылды.

Төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған салтанатты шараның ашылуына Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Әйгерім Иісбекова және Қарағанды облыстық «Полония» поляк қоғамының басшысы Виталий Хмелевский қатысты.

Фестиваль шымылдығы Петр Домалевскийдің «Как можно дальше отсюда» фильмімен ашылды. Драмалық комедия жанрында жазылған фильмнің басты кейіпкері – Оля Худик есімді қайсар қыз.

Оля – анасы және мүгедек ағасымен бірге тұратын он жеті жасар қыз. Әкесі Кристоф Худик отбасын асырау үшін Ирландияға жұмысқа кетеді. Оның басты мақсаты қызының арманын орындап, автокөлік әперуге ақша жинау еді. Әрі солай уәде де береді. Алған бетінен қайтпайтын қағілез қыз көлік жүргізуге құштар. Бірнеше мәрте сынақтан өте алмай қалады. Кезекті сондай бір сәтсіздікте әкесінің үстіне контейнер құлап, қайтыс болғандығы жөнінде қайғылы хабарды естиді. Ол 7 жыл көрмеген әкесінің сүйегін әкелу үшін шетелге аттанады. Жолда әкесі көлікке ақша жинай алды ма деген ой мазалай бастайды. Түрлі кедергілерге тап бола жүріп әкесін табады. Өз эмоцияларын жасырмайтын, шындықты бетке айтатын, жалғандықты бірден байқайтын Оля Ирландияда кездескен бюрократизмге қарамастан әкесінің сүйегін елге жеткізу жолында қиындықтарды бастан өткізеді. Әкесінің адал еңбекақысын да ала алмайды. Бала күнінде есінде қалған әкесі туралы естеліктерді жаңғырту үшін бірге жұмыс жасаған адамдармен жолығады. Түрлі шытырманға толы фильмнің соңында әкесінің рухы туған жерінде жай табады.

Бүгінгі фестивальде тұрақты көрермендерімізді көргеніме қуаныштымын. Әлемді жайлаған індет жағдайына қарамастан сіздерді көру – үлкен қуаныш. Пандемияның жеңілдетілген кезеңін пайдаланып, поляк киноларын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Біздің қоғамның құрылғанына – 30 жыл. Қазақстанның Тәуелсіздігімен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстанда өмір сүріп жатқан түрлі этностардың өз тамырын үзбей, тілі мен ділін қадірлеуге, мәдениетін көрсетуге зор мүмкіндігі бар әрі қолдауға да ие. Поляк ұлты Қазақстанға көп келді, олардың басым көпшілігі осы Қарағанды қаласына қоныстанып, шахталарда еңбек етті. Сол себепті біздің барлық мақсаттарымызға қолдау білдіргендіктен, біз де өзіміздің іс-шараларымызды осы кеншілер қаласынан бастағанды жөн көрдік. Әрдайым бізге қолдау көрсетіп жүретін Рымбала Кенжебалақызына, Әйгерім Әуезқызына ризашылығымызды білдіреміз, – деді Виталий Альбертович.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button