Қарағандыда полиция қызметкері әріптесіне абайсызда оқ атқан
Қарағанды облысында оқыс оқиға орын алды. Топар кентінде полиция кіші сержанты абайсызда табельдік қарудан оқ атып, әріптесін мерт қылды.

Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 31 тамыз күні сағат 21:00 шамасында “ГРЭС-Топар” бекетінде болған. Екі кіші сержант та органда бір жыл да жұмыс істемеген. Облыстық полиция департаменті бұл жағдайды кездейсоқтық деп отыр.
– Алдын ала мәлімет бойынша, полиция кіші сержанты абайсызда табельдік қарудан оқ атқан. Салдарынан әріптесі басынан жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды, – дейді облыстық полиция департаментінің мамандары.
Екі қызметкер де Жезқазған қаласы бойынша ІІМ арнайы күзет басқармасының екінші батальоны құрамында қызмет атқарған. Полицияның мәліметінше, оларды 2025 жылы жұмысқа қабылдаған. Оқ атқан сержант уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА