АймақҚарағанды

Қарағандыда плоггинг жарысы өтті

Аймақта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында плоггинг жарысы ұйымдастырылды. Бұл жарыс шомылу маусымының алдында Фёдоров су қоймасының аумағын қоқыстан тазартуға бағытталған.

Суреттерді түсірген Е.Ерболат

Іс-шараға 100-ге жуық қатысушы – эко-еріктілер мен қала жастары жұмылдырылады. Аталған су қоймасы – Қарағанды тұрғындары үшін тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар қаланың экожүйесінде маңызды рөл атқаратын табиғи нысан.

«Отбасыны қолдау орталығы» КММ директоры Жамалов Якуб Хамидұлы өз сөзінде бұл бастаманың әлеуметтік маңыздылығын атап өтті:

– Біз әрдайым экологиялық бастамаларды қолдаймыз, ал бұл жарыс қаламыздың тұрғындарымен бірге табиғи аймақтарды тазартуға арналған тамаша мүмкіндік. Әрбір адамды қатысуға шақырамын, өйткені, табиғатты қорғау – болашақ алдындағы біздің ортақ жауапкершілігіміз, – деді «Отбасыны қолдау орталығы» КММ директоры Якуб Жамалов.

Эко-ерікті Заңғар Серіков бұл акцияның тек экология үшін емес, сонымен бірге қала мәдениеті мен азаматтық жауапкершілік үшін де маңызды екенін атап өтті:

– Фёдоров су қоймасы – бұл тек су көзі ғана емес, сонымен қатар, қаламыздың экожүйесі үшін маңызды нысан. Бүгін біз күшімізді біріктіре отырып, қаламызды таза, табиғатты – салауатты етеміз, -деді ол.

Айта кетейік, плоггинг — бұл спорт пен экологиялық белсенділікті біріктіретін ерекше қозғалыс. Қатысушылар жүгіре отырып, жолай кездескен қоқысты жинайды. Мұндай формат салауатты өмір салтын насихаттай отырып, табиғатты таза ұстауға мүмкіндік береді. Жарыс барысында қатысушылар қоршаған ортаны ластанудан тазартуға өз үлесін қосады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button