АймақЖаңалықтарСпорт

Қарағандыда партия өкілдері шахмат турнирінде кездесті

Саяси партия өкілдері арасында ерекше форматтағы шахмат турнирі өтті. Аталған іс-шараны Қарағанды қалалық Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырды. Турнирдің өтуіне кәсіпкер, қоғам белсендісі Салтанат Бақтыбаева қолдау білдіріп, Қазақстан Халық партиясының Қарағанды облыстық филиалы демеушілік жасады.

Суреттерді түсірген Александр Марченко

Зияткерлік сайыс қалалық деңгейде ұйымдастырылып, оның басты мақсаты – түрлі саяси партиялар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайту болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір партия – ортақ мемлекеттің маңызды бөлшегі. Турнирге «Байтақ», «Ақ жол», «Respublica» партияларымен Қазақстан Халық партиясының өкілдері қатысып, өз командаларын ұсынды. Мұндай шаралар өзара түсіністік пен татулықты арттырып, қоғамдағы келісімді нығайтуға ықпал етеді.

– Біздің қауымдастықта «Әйелдер және саясат» секциясы жұмыс істейді. Осы бағыт аясында біз Қарағанды қаласындағы саяси партияларды бір алаңға біріктіріп, қалалық шахмат турнирін ұйымдастыруды жөн көрдік.
Шахмат – тек ойын емес, ол стратегиялық ойлауды дамытады, бірнеше қадам алға жоспар құруға, дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Бұл қасиеттер саясатта да өте маңызды. Біз осы турнир арқылы партиялардың диалогқа ашық екенін, өзара және халықпен тиімді байланыс орнатуға дайын екенін көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар, мұндай бейресми кездесулер партия мүшелерінің қарым-қатынасын нығайтып, ынтымақтастықты арттырады. Бұл – пилоттық жоба. Алдағы уақытта мұндай турнирлерді облыстық, тіпті республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Қарағанды қалалық Іскер әйелдер қауымдастығының төра
ғасы Салтанат Бақтыбаева.

Бұл турнир – тек қала көлемінде ғана емес, тұтас облыс аясында алғаш рет ұйымдастырылып отырған бастама. Ұйымдастырушылардың пікірінше, егер бұл жоба оң нәтиже көрсетсе, алдағы уақытта оны дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда.

Турнирдің өту тәртібі мен ерекшеліктері туралы бас төреші Вячеслав Малый айтып берді.

– Бұл турнирде бас төреші қызметін атқарып отырмын. Біздің шахмат орталығымыз «Time of Chess» деп аталады. Орталық үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Турнир командалық форматта өтеді. Яғни, айналмалы жүйе бойынша әр команда бір-бірімен ойнайды. Уақыт бақылауы – 5+3 жүйесі: әр ойыншыға 5 минут беріледі және әр жүріс сайын 3 секунд қосылып отырады. Бұл бастама бойынша маған ұсыныс түсті, мен қуана келісім бердім. Себебі мұндай жарыстар Қарағанды қаласы мен облысында шахматты дамытуға, оны кеңінен насихаттауға үлкен үлес қосады, – деді турнирдің бас төрешісі.

Саяси партия өкілдері бұл турнирді тек бәсеке алаңы емес, өзара ынтымақтастық пен ортақ мақсаттарды дәріптейтін маңызды бастама ретінде бағалайды. Олардың айтуынша, мұндай кездесулер қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді.

– Шахмат – бұл өмірдің өзі. Шахмат тақтасында қалай жүрсек, өмірде де тәртіппен, ойланып әрекет етсек, солай жеңіске жетеміз. Бүгін облыста саяси партия өкілдері бас қосып, шахмат турнирін ұйымдастырып отыр. Барлығымыздың мақсатымыз ортақ – халыққа қызмет ету, оның мүддесін қорғау, мәселелерін көтеріп, шешу жолдарын қарастыру. Сондықтан бұл жарысты достық сайыс деуге болады. Басқа ойындарға қарағанда шахмат өткізу әлдеқайда ыңғайлы. Себебі шахмат – интеллектуалды ойын. Қазіргі таңда мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі – цифрландыруды дамыту. Бұл өз кезегінде зияткерлік дамумен тығыз байланысты. Ең алдымен өзімізді дамытып, одан кейін жас ұрпақтың дамуына үлес қоссақ, бұл – үлкен жетістік, – деді Қазақстан демократиялық «Ақ жол» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбілдин.


Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы символикалық сыйлықтар табысталды. Дегенмен, бұл турнирдің басты құндылығы – жеңіс емес, саяси мәдениетті дамыту, өзара құрмет пен диалогты нығайту екені анық.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр Марченко

Басқа материалдар

Back to top button