Қарағандыда отандық өндірістен 20 автобус жолға шықты
Қарағанды қаласында қала маңындағы бағыттарға 20 жаңа автобус шығарылды. Қоғамдық көліктерді №3 Қарағанды автопаркі жаңартты. Жаңа автобустар №107, 121, 122, 127, 146 және 165 бағыттары бойынша қатынайды.

Автобустар Саран қаласындағы QazTehna зауытында өндірілген. Ұзындығы 12 метр болатын үлкен сыйымдылықтағы бұл көліктер 37 отыратын орынмен жабдықталған, жалпы сыйымдылығы 60 жолаушыға дейін жетеді.

Жаңа автобустарда аялдамалар туралы ақпарат көрсететін электронды таблолар орнатылған. Сондай-ақ жолақы төлеу ONAY! электронды жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Аталған жеткізілім №3 автопаркінің ірі тапсырысы аясында іске асырылды. Өткен жылы тасымалдаушы зауыттан барлығы 75 жаңа автобусқа тапсырыс берген. Оның 55-і 2025 жылдың қазан айында жеткізіліп, қалалық және қала маңындағы бағыттарға бөлінген. Қалған 20 автобус бүгінде автопаркке келіп, қала маңындағы маршруттарға жіберілді.
№3 автопаркінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда барлық бағыттар автобустармен толық қамтамасыз етілген. Бұған дейін қала маңындағы бағыттарда пайдаланылған ескі көліктер жаңа автобустармен алмастырылды. Жылжымалы құрамды жаңарту қала әкімдігінің талаптарына сәйкес жүргізілуде.
Сондай-ақ автопарк өкілдері жолаушыларды қоғамдық көлікті ұқыпты пайдалануға, салонда тамақ ішпеуге және қоқыс қалдырмауға шақырды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



