Жаңалықтар

Қарағандыда облыстық өнер фестивалі өтті

Облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше қажеттіліктері бар жастарға арналған облыстық өнер және спорт фестивалі өтті. «Өзіңе сен!» ұранымен ұйымдастырылған іс-шараға шамамен мыңға жуық жасөспірім қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ерекше жастардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту, олардың қоғам өміріне белсене араласуына жол ашу – фестивальдің басты мұраты болды.

Алғашқы күнгі спорттық сайыстар Қарағанды машина жасау колледжінде өтті. Қатысушылар дойбы, шахмат, дартс, асық ату және тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен бақ сынады.

– Біз үшін ең бастысы – әр бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінсін. Бұл фестивальдің мәні де сонда. Мұнда жеңілген ешкім жоқ, барлығы – жеңімпаз. Өйткені өмірге деген сенім, өз күшіңе деген сенім – ең үлкен жеңіс, – деді фестиваль ұйымдастырушысы, клиникалық психолог Резеда Баймұхамедова.

Екінші күні фестиваль шығармашылық бөлімге ұласты. Қатысушылар би, вокал, аспаптық музыка, көркемсөз және сурет номинацияларында өнер көрсетті. Іс-шара соңында әрбір қатысушы диплом мен естелік сыйлықтарға ие болды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button