Қарағандыда оқушылар арасында «Әлімхан Барысы» сайысы ұйымдастырылды
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш профессор Әлімхан Ермековтің туғанына 134 жыл. Осыған орай Қарағандыдағы тұлға атындағы мектепте алғаш рет «Әлімхан Барысы» зияткерлік және күш сайысы басталды.

Аталған іс-шараның ашылу салтанатына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысып, жиналған қауымға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім де қатысып, сәттілік тіледі.
Іс-шараның ашылу салтанатында Нұрлан Рахметуллаұлы:
– Әлімханды біз ғалым ретінде білеміз. Қазақ тіліндегі тұңғыш «Жоғарғы математика курсы» оқулығының иесі. Ел шекарасын бекітуге үлкен еңбегі сіңген тұлға ретінде білеміз. Ал, осындай тұлғаның құрметіне үлкен шараның осы мектепте өтуінің өзі үлкен мәртебе. Бүгінде тұлғаның құрметіне өтіп жатқан іс-шаралар бұнымен тоқтап қалмайды, – деді.
Сайыс – екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылардың зияткерлігі мен есепке жүйріктігі сыналады. Ал, екінші кезеңде татамиде күш сынасады. Яғни, бірінші кезеңде 9-сынып оқушылары Тәкен Әлімқұловтың «Көкпар» әңгімесі бойынша әдеби тест тапсырады. 10-сынып оқушылары физика-математика пәнінен бақ сынайды. Ал, екінші айналымда палуандар қазақ күресінен 70 келіге дейін және +90 келі салмақ дәрежесінде белдеседі.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ