Бас тақырып

Қарағандыда оқушы қызды өгей әкесі мәжбүрлі түрде күйеуге берген

Әлеуметтік желіде Қарағанды ​​облысында өгей әкесі 15 жастағы жасөспірімді 38 жастағы ер адамға күштеп күйеуге бергені туралы ақпарат тарады.

Сурет www.gazeta.uz

Қыздың туысқан ағасы қоғам белсенділерінен көмек сұраған. Полиция қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді.

Ақпаратқа қатысты оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті түсініктеме берді.

– Қазір тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалды. Жасөспірім туған әкесінің қасында. Оған барлық қажетті психологиялық көмек пен құқықтық қолдау көрсетіледі. Аймақтағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл әкесімен байланыста. Өгей әкесі мен шешесін қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделуде. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жағдайды назарда ұстап, баланың құқығын қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдауда, – деп хабарлады ведомстводағылар.

Қарағанды ​​облысының полиция департаменті болса 15 жастағы қызға қатысты қылмыс жасады деген күдікпен 38 жастағы ер адамның ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.

– Арыз полицияға 15 наурызда келіп түсті. Содан кейін бірден қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде. Кәмелетке толмаған жәбірленушімен психологтар жұмыс істеп жатыр, – деді Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.

Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button