Қарағандыда қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты ұзара ма?
Қарағандыда жаңа тариф бекітілген жағдайда қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты сағат 23.00-ге дейін ұзармақ. Бұл туралы Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов мәлімдеді.
Басқарма басшысы қоғамдық көлікте жол жүру құнын көтеру қажеттігін айтады. Бұл ең алдымен 80 теңгелік тарифтің тасымалдаушылардың шығынын өтей алмайтындығына байланысты екен. Оның үстіне бұл тариф жолаушылар тасымалын дамытуға жетпейді.
– Біз кезекшілік кестелерін құруды жоспарлап отырмыз. Тұрғындар көп жүретін бағыттарда автобустар сағат 21.30-дан 23.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Қазір бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Шарттарымызды тасымалдаушылар орындайтындай етіп қойдық. Бұл ретте жүргізуші тапшылығы мәселесі әлі де шешімін тапқан жоқ. Бүгінде облыста бұл мамандық бойынша 300 адам жетіспейді. Бұл жағдай жігіттердің D санатын ала алмауынан туындап отыр, өйткені олардың D1 санаты бойынша үш жылдық жұмыс өтілі болуы керек. Бұл мәселені де Көлік министрлігімен пысықтап жатырмыз, – деді Мақсұт Қожанов.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде жүргізушілердің орташа жалақысы 400-450 мың теңгені құрайды. Алайда кейбір жүргізушілер апта бойы демалыссыз жұмыс істесе, 1 миллион теңгеге дейін алады. Сондай-ақ Қарағандыда қоғамдық көліктердің жұмысын оңтайландыратын диспетчерлік орталық құру мәселесіг шешу де жоспарда бар.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.