АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5 трлн теңгеге жетті

Қарағанды облысы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 6,5 пайызын қалыптастырып, соңғы бірнеше жыл бойы тұрақты түрде төртінші орында келеді. Бұл көрсеткіш облыс экономикасының орнықтылығын, өнеркәсіпке негізделген даму моделінің тиімділігін және ұлттық экономикадағы стратегиялық маңызын айқын көрсетеді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Өңірлік экономиканың негізгі тірегі – өнеркәсіп саласы. Ол тұрақты өсімге ықпал етіп қана қоймай, республика экономикасындағы жоғары үлесті қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5 трлн теңгеге жетті.

– 2025 жылдың нәтижесінде өңір барлық негізгі бағыттар бойынша тұрақты өсім көрсетті. Экономиканың басты қозғаушы күші – өнеркәсіп. Өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 трлн теңгені құрап, 6 пайыздық өсім тіркелді. Бұл республика бойынша екінші нәтиже. Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді – 3,8 трлн теңге. Бұл өңірде экономиканы әртараптандыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған саясаттың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді, – деді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Әшкенов.

Сонымен қатар облыста машина жасау саласының даму қарқыны артқан.

Өңір қара металлургияда, болат пен жалпақ прокат өндірісінде көшбасшылық позициясын сақтап отыр. Сондай-ақ тазартылған мыс пен күміс өндіру көлемі бойынша да республикадағы жетекші өңірлердің қатарында.

Тау-кен өндіру саласында да оң динамика байқалады. Атап айтқанда, көмір өндіру көлемі 13,6 пайызға өскен.

Сарапшылардың пікірінше, жалпы ішкі өнімдегі жоғары үлес Қарағанды облысының ел экономикасы үшін маңызын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі әрі инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын растайтын маңызды сигнал болып табылады.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button