Қарағандыда «Nauryz – fashion» этнофестивалі өтті
Бүгінде қазақтың ұлттық киімі жаңаша сипат алып, тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де кеңінен қолданыла бастады. Қарағандыда Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық киімді ұлықтауға арналған «Nauryz – fashion» этно-заманауи киімдер фестивалі өтті. Кеншілер мәдениет сарайында ұйымдастырылған шарада танымал дизайнерлер көрерменге ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи үлгіде ұсынып, ерекше сән көрсетілімін өткізді. Бұл фестиваль Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған онкүндік аясындағы маңызды мәдени іс-шаралардың бірі болды.


Шара облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен, Кеншілер мәдениет сарайы ұжымының қолдауымен өтті.

Фестивальдің басты мақсаты – қазақ халқының бай мәдени мұрасын заманауи тұрғыда таныстыру, ұлттық киімдерді кеңінен насихаттау және жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру.

Көрсетілім барысында дизайнерлер дәстүрлі ою-өрнектер мен ұлттық элементтерді қазіргі сән үрдістерімен шебер үйлестіріп, күнделікті киюге ыңғайлы үлгілерді ұсынды. Сонымен қатар, сән индустриясындағы жаңа бағыттар көрсетіліп, көпшілікке әлі кеңінен танылмаған талантты дизайнерлердің еңбектері таныстырылды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



